Өңірдегі эпид ахуал
«Бүгінгі күні Ұлытау облысы жасыл аймақта. Дегенмен босаңситын шақ емес бұл. Ауру өрши түссе дәрі-дәрмек қоры мен жатын орындар саны дайын тұруы қажет». Облыс әкімі тиісті мамандарға осындай тапсырма жүктеді.

31.07.2022 күнгі мәлімет бойынша Ұлытау облысында коронавирус жұқтырғандар саны 336 адамға жеткен. Бірақ, өңірімізде адам санының көп еместігін ескерсек, жасыл аймақтан шығып қалуымыз өте жылдам. Сондықтан Берік Әбдіғалиұлы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Болат Қалмағамбетовке сақтық шараларының алгоритімін ұсыну туралы тапсырма жүктеді. Және де өңірімізде короновирус індеті бойынша жедел штаб құру қажеттігін айтты. Штаб басшысы Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Т. Үсеновке жүктелді.
Індеттің алдын-алу жолы – вакцинация. Сондықтан тұрғындарды қайта вакцинациялау жұмыстарын жандандыру қажет. Мәселен, 31.07.2022 күнгі мәлімет бойынша 53 317 адам қайта вакцинациядан өткен. Тәулігіне 198 адам. Ал, өңір бойынша жоспар 104 182 адамға тең. Бұл шараны жеделдету жұмыстарын жедел штаб басшысына тапсырды.
Дәрі-дәрмек қоры да назардан тыс қалмауы қажет. Өңір басшысы жауапты мамандарға дәрілердің дәріханаларға уақытылы жетуін, өңірге бөлінген дәрілердің кедергісіз жеткізілуін тағы бір пысықтауды тапсырды. Ал, келер жылдан бастап дәрі-дәрмек сақтайтын қордың филиалы өңірімізде бөлек болуы қажет. Осыған орай тиісті шараларды қазірден қолға алуды міндеттеді. Өйткені, қыста аурудың өрши түсетіні анық.