Өңір тынысын бағамдады
Облыс әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ жұмыс сапарымен Ұлытау ауданының орталығында болды. Аудан әкімдігінде өткен жиында облыс басшысына «Ұлытау» ұлттық мемлекеттік тарихи паркінің директоры Айдын СЕРКЕБАЕВ ұлттық парктің жұмысын ұйымдастыру барысы және материалдық тұрғыда жабдықталуы жайлы ақпарат берді.
«Ұлытау» ұлттық паркі өткен жылдың желтоқсан айында Үкімет қаулысымен құрылған. Жыл басынан бері республикалық мекеменің Ережесі бекітіліп, ұйымдастыру жұмысы жүргізілді. Аумағы 58,9 мың гектар болатын парк әкімшілігін орналастыру, материалдық қамсыздандыруға қатысты әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Штат кестесі 77 адамнан тұратын паркке қазіргі таңда 34 адам тұрақты жұмысқа қабылданған. Бұдан тысқары, 17 адам штаттан тыс жұмысқа жұмылдырылған.
Мәселені талқылау барысында облыс басшысы Қарсақбай агротехникалық колледжінде ұлттық паркке қажетті орман шаруашылығы, эколо гия мамандықтарына оқыту мәселесін қарастыру, сондай -ақ, мекемені техникалық жабдықтау жөнінде салалық министрлікке ұсыныстар енгізу қажеттілігіне назар аударды.
Берік Әбдіғалиұлы аудан орталығы мен Қаракеңгір ауылын жалғастыратын көлік жолының жай -күйімен танысты. Қазіргі таңда жолдың 20 шақырымды құрайтын бөлігі орташа жөндеуден өтіп жатыр
Аудан орталығында салынып жатқан жеке қонақ үй, ауданның құрылыс бөлімінің тапсырысымен тұрғызылып жатқан «Алтын орда» тұрғын үй кешенінің құрылысы да аймақ басшысының назарынан тыс қалмады.
Сапар барысында облыс әкімі, сондай -ақ, аудан орталығындағы су құбырларын реконструкциялау, абаттандыру барысымен, этнопарк жұмысымен де жете танысты. Нысандарды аралау барысында Берік Әбдіғалиұлы жауапты тұлғаларға жұмыс сапасы мен орындалу мерзіміне қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Облыс әкімі баспаөз қызметінің материалдары негізінде әзірленді.