Індеттен сақтану жолы

Әлемде індеттің екінші толқыны күн санап көптеген адамды ауруға шалдықтыруда. Біздің елімізде де коронавирус жұқтырғандар саны күрт артқаны байқалады. Өткен аптадағы коронавирус көрсеткіші алдыңғы аптамен салыстырғанда біршама өскен. Осыған орай, денсаулық сақтау саласы мамандары халықты сақтық шараларын сақтауға шақырады. Бізде осыны хабардар ете отырып, аудан жұртшылығына санитарлық нормаларды сақтауға шақырамыз. Бұл – баршаға ортақ міндет.

«Сақтансаң – сақтайды» демекші, сақтық шараларын сақтауға, алдымен өзімізден қоюмыз керек. Көпшілік жиналатын орындарда ауыз бен мұрынды жауып, бетпердетағуды ұмытпағанымыз дұрыс. Бұл, біріншіден, халық арасында инфекцияның кең таралып кетпеуіне бөгет болса, екіншіден, «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу» деген сөз. Мұнымен қоса, қазіргі коронавирустың өршуі кезіндегі тамақтану гигиенасына қатысты кеңестер бергім келеді. Дәл қазір азық-түлік арқылы коронавирус инфекциясының таралуы туралы нақты дәлел жоқ, бірақ адамдар вирус қалуы мүмкін заттарды ұстап, вирусты жұқтырып алуы мүмкін. Мұны да біліп жүрген жөн. Сондықтан тамақтан туындайтын кез келген аурудың алдын алу үшін тағамның қаптамасы мен бетін жуу қажет.

Тағы бір ескертетін жайт, тәтті сусындардан аулақ болыңыздар. Оның орнына таза су ішуді дағдыға айналдырсаңыз, денсаулыққа пайдалы. Өзіңіз ішетін суға жемістер мен көкөністерді қосуға болады. Осылай пайдалансаңыз, суға жағымды және дәмді хош иісбереді. Бірақ, пайдаланар кезде жемістер мен көкөністер сияқты қаптамасыз өнімдерді суға жуып алуды ұмытпаңыздар. Қолыңызды да сабынмен тамақ дайындар алдында 20 секунд жуыңыз.

Ең бастысы, барлық жерде бетперде тағуды, бір реттік қолғап киюді, қоғамдық орындарда әлеуметтік қашықтықты сақтауды сондай-ақ, қарапайым гигиеналық талаптарды орындауды күнделікті әдетке айналдырған абзал. Ендігі індеттің екінші толқыны қауіпті болуы мүмкін. Әсіресе, 65 жастан асқан адамдарға, балаларға, иммундық жүйесі әлсіреген адамдарға ауыр болуы ықтимал. Мұндай жандар алдын-ала сақтанып, сақтық талаптарына ден қоюды ескертемін. Өйткені, қараша айының соңы тұмау өршитін мезгіл. Бұл уақытта босаңсуға, жайбарақаттылыққа салынуға болмайды. Сондықтан, өзіңізге және жақындарыңызға абай болыңыздар дегім келеді.

Маржан БЕРДІҚҰЛОВА,

аудандық орталық аурухананың терапевт-дәрігері.