Індет салғырттықты көтермейді
Елде – індет. Ал, біз әлі жайбарақат жүрміз. «Қызыл аймаққа» енгенімізге, атқарушы билік тарапынан қатаң шаралар қолға алынғанына қарамастан, халық карантин талаптарын сақтауға салғырттық танытуда. Алғабас ауылында эпидемиологиялық ахуалдың күрделеніп кетуі – соның даусыз дәлелі. Бұл аудан халқының денсаулығына қатер төндірумен қатар, әлеуметтік әлеуетіне де кері әсерін тигізуде…
Қазір ауданда күнде бір науқас тіркеліп, төмендеген көрсеткіш қайта көтерілуде. Көзіміз мұндай статистикаға әбден үйренгені соншалықты, оған мән беріп те қарамаймыз. Қоғамдық орындарда бетпердесін иек астына түсірген, жақынымен жайбарақат қол ұстасып, сүйісіп амандасатын жандарды көресіз. Бала-шағасымен алаңсыз қыдырып жүретін отбасылар да көп.
Індет салғырттықты көтермейді. Ол туралы айтылып, жазылып жатыр. Бірақ оған құлақ асатындар аз.
Бұл жайында аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Танабаев қынжыла отырып баяндады. Оның айтуынша, пандемия белең алса да, тұрғындардың бейқамдығынан індет қайта өршіп тұр. Көктемде адам иммунитетінің әлсірейтіні белгілі. Бұл организмнің ауру жұқтыруға бейімділігін арттырады. Сол себептен, санитариялық дәрігер тұрғындарға дұрыс тамақтанып, қажетті дәруменді уақытылы қабылдауға кеңес береді. Бірде «жасыл», бірде «сары» деңгейдегі көрсеткіштің «қызыл» түске боялуы жағдайдың қауіпті екендігін білдіреді. Сондықтан, бетімізден бетпердені түсірмей, сөмкемізде қосымша бетперде мен антисептик болуы тиіс.
Қоғамдық орында жиналудан, той-томалақ, құдайы-астарға барудан бас тарту – түбегейлі талап.
Ауданның бас санитариялық дәрігерінің мәлімдеуінше, ауданда індеттің кезекті толқыны белең алған.
– Жыл басынан бері 60 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Оның 10-ы – он төрт жасқа дейінгі балалар. Бүгінгі күні 40 адам инфекциялық ауруханаларда ем алып жатыр. Өкінішке орай, бір адам осы індеттен қайтыс болды.
Аудандағы эпидахуалдың жағымсыз көрсеткішін Алғабас ауылындағы жағдай көтеріп тұр. Мұнда covid 42 адамнан оң нәтиже берді, – дейді басқарма басшысы.
Індет «ілмегіне ілінгендердің» 9-ы – Ұлытаудан, 4-і – Жездіден, 3-і – Қарсақбайдан. Қоскөл мен Мибұлақта – бір-бір адамнан. Олардың 18-і – жұмыскер, 14-і – зейнеткер, 12-і – қызметкер, 10-ы – оқушы. Дертке шалдыққандар қатарында балабақшаға бармайтын 3 бала және бар.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ