Індет бейқамдықты кешірмейді
Жаһанды жайлаған індеттің екінші толқыны да күн санап күшейіп тұр. Әсіресе, жасы 65- тен асқан адамдарға, балаларға иммундық жүйесі әлсіреген жандарға келер қаупі қатерлі болуы мүмкін. Мұны денсаулық сақтау саласының мамандары да хабардар етіп отыр. Өйткені, қауіпті инфекция жаныңда жүруі мүмкін. Даладан жұқтырып, үйге алып келуің ықтимал. Сондықтан қауіпті індеттен қорғана білейік. Абайсызда, көзге көрінбейтін вирусты жұқтырып алмасыңызға кім кепіл?!
Ең бастысы, қауіпті індетпен күресте оның алдын алу. Бұл әуелі өзіміз үшін қажет. Бірақ кейде әлеуметтік желі арқылы тараған жел сөзге сеніп, наразылық танытқысы келетіндер де жоқ емес. Бұл өрескел қателік. Олар өздерінің денсаулығына ғана қауіп төндірмей, отбасына, жақындарына бұл қауіпті ауруды жұқтыруы мүмкін екенін ұғына алмай жүрген жандар. Мұны неге айтып отыр мыз? Қазіргі кезде індетке селқос, бей-жай қарап бейқамдық танытатын кез емес. Мұндай жайбарақаттылық жарға жығып жүрмесін.
Айта кетейік, алдыңғы толқында COVID-19 инфекциясымен аудан бойынша 37 адам тіркелді. Ұлытау селосынан – 16, Жезді кентінен – 8, Қарсақбай кентінен – 7, Борсеңгір ауылынан – 3, Қаракеңгір, Мибұлақ, Шеңбер ауылдарынан бір-бір адамнан вирус жұқтырғаны расталды. Бұл мемлекет тарапынан қолданған шектеулерге мән бермегеннің салдары емес пе?! Енді тағы да опық жеп, бармақ тістеп қалмайық, ағайын! Жайбарақаттылық орны толмас өкінішке ұрындыруы мүмкін. Бүгінгі күнге дейін көпшілікті алаңдатып отырған коронавирус індетімен күрес әлі толастаған жоқ. Келер айда вирус қарқын алады деген болжам бар. Сондықтан барынша жауапкершілікті сезіну әр адамның міндеті. Індет қайта үдеп, шекемізге таяқ болып тиіп жүрмесін. Одан да сақтық шараларын сақтағанымыз жөн шығар. Кейін вирус белең алған кезде жанталасқанымыздан гөрі осы бастан жауапкершілікті сезіну өзің үшін пайдалы. Ол үшін алдыңғы шараларға қайта ден қойып, көпшілік жиналатын орындарда бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтайық. Күнделікті залалсыздандыру құралдарын пайдалансақ, бетперде тағуды дағдыға айналдырсақ, бір адам өзіне ғана емес, көп адамның өмірін сақтайтыны шындық. Қарап отырсақ, мұның барлығы не үшін жасалып жатқан әрекет. Әрине, вирусты жұқтырмау үшін жасалып жатқан қамданыс. Өйткені, дәл қазір әр адам өз денсаулығын ойлайтын уақыт. Сондықтан тәртіпке бағынып, сақтық шараларын сақтағанымыз абзал.
Қайрат ЖҰМАБАЙ