Ілкімді ізденіс бары байқалады

Ақтас кентінің әкімі Ернар ИМАНҒАЖЫ жыл бойы атқарған жұмыстары бойынша тұрғындар алдында есеп берді. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Нұржан ОРЫНБАЕВ, аудандық мекемелер мен бөлімдер басшылары қатысты. Маңызды жиын карантин талаптарын сақтай отырып өткізілді.

Есепті кездесу әдеттегідей әкімнің бір жылда атқарған жұмыстарын саралаудан басталды. Бұл тұрғыда кентте елдің еңсесін көтерерлік біраз істер атқарылыпты. Әсіресе, ауыл шаруашылығын дамыту, мал басын өсіру жақсы жолға қойылған. Бау-бақша өсіру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп келеді. Халыққа қолайлы жағдай жасауда да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар бар екен. Көше шамдары жаңартылып, ауызсу бір қалыпты берілуде. Округке қарасты Пионер ауылында ауызсу мұнарасы жөнделген. Пионер мен Ақтастың арасындағы 20 шақырым жолды ретке келтіру жұмыстары да күн тәртібіне қойылыпты. «Қатысу бюджеті» арқылы балалар ойын алаңы жөнделген. Ал, үстіміздегі жылы осы бағдарлама аясында Ақтас кентінде, Пионер ауылында жаңа ойын алаңдары салынбақшы. Көшелерге қарағай көшеттері отырғызылған. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, тағы да 30 қарағай көшеттерін отырғызу – жоспарда. Барлық үйге интернет желісі тартылған. Кент әкімі Ернар Иманғажы осылардың бәрін жіпке тізгендей етіп айтып шықты.

Бұдан соң кезек тұрғындарға берілді. Кент тұрғындары Серік Балабек, Алпыс Тілеубаев, Айтжан Әбдуахит әкімнің қызметіне оң баға беріп, өздерін толғандыратын мәселелерді жайып салды. Олар Пионер ауылының атауын «Қыпшақбай» деп өзгерту  жөніндегі ұсыныстарын да ортаға салды. Жол, мал сатуға құжат дайындау мәселесі де көтерілді. Тіпті, «Елге ел қосылса – құт» дегенге сайып, ауылға адамдар тарту мәселесі де сөз болды.

Көтерілген мәселелерге орай, аудан әкімінің орынбасары Нұржан Орынбаев тұщымды жауап берді. Кент әкіміне «Қатысу бюджетін» жетілдіру, жастарды аудан әкімінің грантына қатыстыру сынды мәселелерді шешуді жүктеді.

Жиын соңында Нұржан Серікұлы кент тұрғыны Қуанышбек Баязиевке аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.

Жасұлан АЯШЕВ

АҚТАС кенті.