Халықты әлеуметтік нанмен қамтамасыз ету

Жезқазған – а.ж. 1 тамызында Ұлытау облысы әкімінің бірінші орынбасары А.С. Бәрекеновтің төрағалығымен халықты әлеуметтік нанмен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша, тараптардың пікірлерін ескере отырып «Ұлытау Нан» ЖШС-на әлеуметтік нанды өндіруді қамтамасыз ету және а.ж. 2 тамызынан бастап Жезқазған қ. сауда объектілерінде бағасы 95 теңгеден аспайтын қалыптық нанды сату тапсырылды.
Сондай-ақ, «Ұлытау Нан» ЖШС-сі әлеуметтік нанның тапшылығын болдырмау мақсатында облыс әкімдігіне әлеуметтік ұнның қорлары мен жеткізілімдері туралы алдын ала хабарлап, әлеуметтік ұнға ай сайынғы қажеттіліктің есептеулері мен негіздемелерін ұсынады.
Сонымен қатар, облыстың Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына әлеуметтік нан бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында Жезқазған қ. (келісім бойынша) басқа наубайханаларын әлеуметтік ұнмен қамтамасыз ету бойынша балама шараларды әзірлеу тапсырылды.
Бұдан басқа, Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы Ұлытау облысында 1-сұрыпты (әлеуметтік) бидай ұнынан пісірілген қалыптық нанның бағасын тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы Меморандум тармақтарының орындалуын бақылауға алуы қажет.
Кездесуге Жезқазған қ. әкімі аппаратының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің өкілдері қатысты. Оларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізу аясында, есепті аптаның әр жұмасында облыстың Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары туралы аналитикалық ақпарат беру тапсырылды.