Халық санағы не үшін қажет?
Ұлттық халық санағының қорытындылары бойынша алынған деректер экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеу, жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты нақтылау үшін пайдаланылатын болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат АЙДАПКЕЛОВ хабарлады.
«Ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша 2021 жылдың желтоқсанында халықтың жалпы саны бойынша жедел деректер дайындау жоспарлануда. 2022-2023 жылдар аралығында 10 тақырыптық жинақ (қысқаша қорытынды, халық, ұлттық құрам, көші-қон, білім беру, неке және отбасы, үй шаруашылығы, жұмыспен қамту, табыс және өмір сүру көздері және тұрғын үй сипаттамалары) әзірлеу жоспарланған, олар 386 кестеде көрсетілген көрсеткіштерді қамтиды», – деді Бюро басшысы.
Сондай-ақ, өңірлік жинақтар қалыптастырылып, электрондық форматта жарияланады.
«Елде кезекті санақты өткізу елдің әкімшілік-аумақтық бөлінісі бойынша ел тұрғындарын сипаттайтын демографиялық және әлеуметтік-экономикалық ақпаратты кең ауқымда алуға және басқа елдердің, бірінші кезекте ЕАЭО бойынша серіктес елдердің санақтарының деректерімен салыстырмалы деректерді алуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Н.Айдапкелов.
Сонымен қатар, санақ қорытындысы бойынша халықтың саны мен жыныстық-жас құрылымын бағалау үшін бастапқы база қалыптастырылатын болады, халықтың әртүрлі әлеуметтік-демографиялық топтарының жағдайын сипаттайтын ақпарат, демографиялық және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді есептеу жүргізіледі.
«Үшіншіден, санақ қорытындысы экономикалық болжау, жұмыспен қамту саласындағы саясатты анықтау, басқа да әлеуметтік бағдарламаларды құру, сондай-ақ, мемлекеттік билік органдарының функцияларын орындау, ғылымды және бүкіл қоғамды ақпараттық қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын болады», – деп қорытындылады Ұлттық статистика бюросының басшысы.
Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі.