«ХАЛЫҚ САНАҒЫ ҚАЛЫС ҚАЛАТЫН ІС ЕМЕС», – дейді 94 жастағы Бәтима Смайлова апамыз

«Ұлттық халық санағы – еліміздің барлық азаматы бірауыздан қолдауы тиіс өте маңызды іс-шара. Бұл науқан іс жүзінде әлемдегі барлық мемлекетте жүргізіледі. Санақ елдегі дәл қазіргі жағдайды бағамдау үшін ғана емес, ол болашақты бағдарлау үшін қажет. Сондықтан халық санағы қалыс қалатын іс емес», – дейді 94 жастағы Бәтима СМАЙЛОВА апамыз.

Бүгін Бәтима апаның үйіне халықты санақтан өткізу үшін Қоскөл кенті бойынша бекітілген интервьюер Айнагүл Әбдрахманқызы барды. Санақшының сауалына жауап беріп отырған тыл ардагері сөз арасында өз өмір жолы мен аудан тарихы жайлы біраз мағлұмат берді. Бәтима Смайлова 1927 жылы дүниеге келген. 1943 -1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезінде майданға оқ-жарақтар дайындап, Қарсақбай мыс қорыту зауытында темір жонушы болып жұмыс істеген. Соғыс аяқталған соң ауылда егін шаруашылығымен айналысыпты. 15 жасынан еңбекке араласып, зейнетке шыққанша бір тыным таппапты. Сол бейнеттің зейнеті болар, бүгінде бала-шағасының ортасында немере-шөбере сүйіп отырған бақытты әже.

«Осы елде туылып, осы жерде өсіп-өнген соң, әр саяси науқан бүгінгідей көз алдымда. Бекітілген тәртіп бойынша біздің елімізде халық санағы әр он жыл сайын өткізіліп келеді. Мәселен, бұған дейінгі санақтар бұрынғы Кеңес кезінде 1959, 1969, 1979, 1989 жылдары жүргізілді. Санақ он жылда бір келетін үлкен мереке сияқты еді. Кейін ел болып егемендік алған соң 1999 және 2009 жылдары екі рет халық санағы өтті. Үшінші санақ 2019 жылы болады деп жоспарланғаны есімде. Науқан белгілі себептерге, соның ішінде бүкіл әлемді әбігерге салған пандемияның кесірінен кейінге шегерілген екен. Араға 12 жыл салып азат елдің үшінші санағы өтіп жатыр. Осындай тарихи кезеңдердің куәгері болғаным үшін бақыттымын. Өз елімнің азаматы ретінде әр санаққа жауапкершілікпен қатыстым деп айта аламын», – дейді тыл ардагері.