Халық үні билік назарында

Аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВТЫҢ ауыл тұрғындарымен кездесуі Ақтас кентінде өтті. Оған аудандық мəслихаттың хатшысы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ, аудан əкімінің орынбасары Мақсұт ОСПАНОВ, аудандық мекеме, бөлім басшылары жəне ауыл тұрғындары қатысты.

Алдымен аудан басшысы бастаған топ №12 Ақтас негізгі мектебін аралап, жылу беру қазандығының жұмысымен танысты. Мектепті жылумен қамтамасыз ететін қазандықтың пеші 2022 жылы жөндеуден өткізілген. Аудан əкімі аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Əблірайымовқа жылу беру маусымында қырағылықты күшейтіп, 2023 жылы жылу қазандықтарына қатысты жұмыстарды жүйелеуді тапсырды.

Аудан басшысы бұдан бөлек кенттегі жолдың, кітапхананың бүгінгі жай-күйімен танысты.

Аудан əкімінің халықпен кездесуі жергілікті Мəдениет үйінде өтті. Мұнда кент əкімі Дулат Сүлейменов есепті мерзім ішінде атқарылған жұмыстары жөнінде баяндады.

Кент əкімінің есебінен соң жергілікті тұрғын Айтжан Жантаев Ақтас жəне Пионер аралығындағы көтерме жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында «Қуанбай» өткелі жөніндегі мəселені көтеріп, Ақтас кенті тоғанының жан-жағына жөндеу жұмыстары жүргізілуін сұрады. Серік Балабеков Ақтас кентінде жұмыс жасайтын кəсіпорындарды Ұлытау ауданына немесе Ақтас кентіне заңды тіркеуін сұраса, Ерболат Наурызбаев аудан əкімінің қызметіне сəттілік тілеп, Пионер елді мекеніне ауызсуды үйге кіргізу мəселесін алға қойды.

Жиынға қатысқан аудандық мекеме, бөлім басшылары өз салаларына қатысты көтерілген мəселелерге орай жауап беріп, алдағы уақытта атқаратын жұмыстарымен де бөлісті.

Аудан əкімі Аманжол Батырбекұлы тұрғындардан түскен кез-келген өтініш-тілектердің ескерусіз қалмайтындығын жеткізді. Ақтас-Пионер бағытындағы жолды жөндеу, Пионер ауылындағы ауызсу мəселесі қаражаты шешілген жағдайда қолға алынатынын, қазір оның күн тəртібінде тұрғанын айтты. Сондай-ақ, ақтастықтарды Ұлытау облысының əлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарымен де таныстырып өтті.

Есептік кездесуден кейін аудан əкімі мен аудандық мəслихат хатшысы тұрғындарды жеке сұрақтар бойынша қабылдады.

Аудан əкімінің баспасөз қызметі.