Граффити байқауының Бас жүлдесін Шахтинск қаласының суретшісі жеңіп алды
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында «Тәуелсіздік символдары» графикалық өнер байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Шығармашылық байқауға Қарағанды, Теміртау, Абай, Саран, Шахтинск, Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Приозерск және Қаражал қалаларының жас суретшілері қатысты.
Қазылар алқасының шешімімен сегіз суретші іріктеу кезеңінен өтті.
– Бұл сегіз қатысушының суреттері белгіленген жерлерде салынды. 12–14 қыркүйекте қазылар алқасы дайын жұмыстарды Қарағанды, Саран, Шахтинск, Абай қалаларына барып, бағалады. Балқаш, Жезқазған және Сәтбаев қалаларының суретшілерінің жұмыстары онлайн режимінде қаралды. Төрт жеңімпаз анықталды. Біз әр қатысушы туралы ақпарат бар түрлі -түсті альбом шығаруды жоспарлап отырмыз, – дейді мұражайдың ғылыми қызметкері Назерке Жартын.
Шахтинск қаласының суретшісі Ерсін Темірғалиев Бас жүлде иегері атанды. Бірінші орын Абай қаласының суретшісі Рашид Кидрасовқа бұйырды. Екінші орында – қарағандылық Герасим Иванов және үшінші орында – жезқазғандық Зекен Мұхамедин.
Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Ұстаз-суретші және Бас жүлде иегері Ерсін Темірғалиевтің айтуынша, бұл ол қатысқан үшінші байқау. Алдыңғы екеуі Қарағанды қаласының 80 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығына арналды. Оның Абай бейнеленген муралын Алматыдағы бес қабатты үйдің қабырғасынан көруге болады.
– Мен соңғы үш жылда граффити сала бастадым. Өз жұмысымның ортасында бостандық пен батылдықтың символы – бүркітті бейнеледім. Оның үстінде күн бейнеленген, бірақ ол киіз үйдің шаңырағына ұқсайды, осылайша екі мағынаны біріктірдім. Күнді аспанымыз ашық болсын деген ниетпен салдым. Киіз үй бір шаңырақ астындағы тату-тәтті өмірді бейнелейді. Сондай -ақ батырлар мен жылқыны салдым, себебі Тәуелсіздік – біздің ата –бабаларымыздың, батырларымыздың еңбегі. Жұмысымды ұлттық ою – өрнекпен безендірдім. Мен бұл суретім арқылы өткен мен қазіргі уақытты көрсеткім келді. Бүгінгі күннің символы – Мәңгілік Ел монументі мен Бейбітшілік пирамидасы. Сондай -ақ, граффитиде Тәуелсіздіктің 30 жылдық эмблемасы бар, – деді суретші.
Граффити салу үшін шеберге екі күн қажет болды. Бояулар мен барлық қажетті материалдарды конкурсты ұйымдастырушылар ұсынған.
Естеріңізге сала кетейік, «Тәуелсіздік символдары» облыстық графикалық өнер байқауы 22 тамыз бен 17 қыркүйек аралығында өтті. Ұйымдастырушылар – мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен бейнелеу өнері мұражайы.