Үгіт-насихат жұмыстары — қарқынды

«Nur Otan» партиясы Ұлытау аудандық филиалы сайлауалды штабының саяси науқан аясындағы үгіт-насихат жұмыстары күн санап қарқын алып келеді. Соған орай, аудандық Мәдениет үйінде ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына кандидат Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ бастаған әр деңгейлі мәслихаттар депутаттығына үміткерлер аудан орталығы тұрғындарымен кездесіп, партияның саяси-қоғамдық ұстанымы мен сайлауалды бағдарламасының басты бағыттары хақында әңгіме өрбітті.

Кездесу барысында Берік Әбдіғалиұлы «Nur Otan» партиясының саяси тұғырнамасы мен нақты әрекеттерге негізделген іс-қимыл бағдарламаларын өзек ете отырып, өткен кезеңде жүзеге асырылған кешенді жұмыстарға қысқаша шолу жасады. Әр бағытта атқарылған әлеуетті істердің әлеуметтік маңызына назар аударып, олардың жалпы қауымның жайлы тұрмыс кешуі мен әлауқатының арта түсуіне тигізген оң әсеріне дәйекті деректер арқылы сипаттама берді. Сайлауалды бағдарламаның салмақты тұстарына жете көңіл бөліп, алдағы кезеңде жүзеге асырылатын кешенді шараларға айрықша тоқталды.

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты мандатына үміткер кездесуге қатысушыларды сайлау өтетін күні дауыс беру учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасауға үндеді.

Өз кезегінде әр деңгейлі мәслихаттар депутаттығына партиялық тізім бойынша ұсынылған кандидаттар сайлауалды бағдарлама тармақтарын негізге ала отырып, ортақ мүдделі істерді ілгері бастыру тетіктері туралы сөз қозғады.

Сайлаушыларға партияның аудандық филиалының сайлауалды бағдарламасы басылған кітапшалар мен өзге де ақпараттық мазмұндағы материалдар таратылды.

Өз тілшімізден.

(Материалды жариялау төлемақысы «Nur Otan» партиясы Ұлытау аудандық филиалының қорынан төленді).