Газет – оқырманымен көрікті
Ұлт ұясындағы «Ūlytau» газеті оқырмандар талғамымен үндес басылымға айналды десек, асыра айтқандық емес. Бүгінгі күнге дейін уақыт үдесінен шығып, аудандағы бірегей ақпарат құралына айнала білген басылым. Əрі қарай да солай бола бермек. Өйткені, өңір тұрғындары арасынан аудан үнжариясына қолдау көрсетушілер де, демеушілік жасаушылар да бар.
Биыл да ұлытаулық жеке кəсіпкер Ерболат Жарасбаев жылдағы дəстүрінен жаңылмай, 10 мүмкіндігі шектеулі жандарға аудандық «Ūlytau» газетіне жазылуына қолдау көрсетті. Сол сияқты, Шеңбер ауылының Үңгірлі елді мекенінде тұратын жеке шаруа қожалығының иегері Азиз Əміров те жыл сайын редакцияға арнайы келіп, «Ūlytau» газетіне жазылады. Өзі ғана емес, қарамағындағы жұмыскерлерін де газетке жаздырады. Олардың газетке жазылу қаражатын өзі төлейді. Оның бір ғажабы, сонау шалғай ауылдан редакцияға өзі келіп, газеттерін алып-кетіп жатады. Азиз газет жанашыры ғана емес, ойлы оқырман. Газетке жарияланған мақалаларды да үзбей оқиды. Əсіресе, оның газетке деген оқырман жанашырлығы көңіл қуантты. Ғаламтордың аумағы кеңейіп, əлеуметтік желі қоғамның қуатты күшіне айналған кезде газет оқырманынан жан сүйсінтер, жағымды жаңалық есту біз үшін зор ғанибет емес пе?! Мінезі ашық, жайдарлы жігіт сөз арасында өз ұсыныс-пікірін де білдірді.
– Негізі, мен Жезқазған қаласының тумасымын. Үңгірліге келіп, шаруа қожалығымен айналысқаныма сегіз жылдай уақыт болды. Былтырдан бері аудандық «Ūlytau» газетіне жазылып жүрмін. Мен үшін «Ūlytau» газетінің орны бөлек. Аудандағы бар жаңалықты осы газет арқылы біліп отырамын. Менің ұсынысым, газетке өлке тарихы туралы мақалалар көбірек жазылса екен. Өйткені, газетке басылған дүние есте қалады ғой, – дейді Азиз.
Иə, туған жердің жаңалығына құлақ түріп, шаруашылықпен айналысып жүрсе де газетке жанашырлық таныту елжандылықтың белгісі. Бүгінде Ерболат Жарасбаев, Азиз Əміров секілді азаматтар өз басын ғана күйттемей, айналасына арайлы шуағын шашып жүрген қолы ашық атымтай жомарт жандар. Заманның нарқына қарамай, сөздің парқын түсінген азаматтар. Нағыз газет жанашырлары осылар. Ендеше, «Ūlytau» газеті де өлкенің шежіре тұнған тарихын терең зерделеу арқылы аудандағы жаңалықты толымды түрде насихаттап, оқырман ықыласына бөлене бермек.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.