Футбол алаңы – тұрғындар игілігі үшін
Ұлытау ауданының орталығы — Ұлытау ауылында жаңа шағын футбол алаңы ел игілігіне берілді. Спорт нысанының ашылу салтанатына аудан әкімі Аманжол Мырзабеков, ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауыл тұрғындары мен спорт сүйер қауым қатысты.
Салтанатты жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ташенов сөз сөйлеп, ауыл жастарына арналған осындай игі жобаларды іске асырған аудан басшылығына тұрғындар атынан алғыс білдірді. Сонымен қатар, жас спортшылар атынан сөз алған футбол жаттықтырушысы Бекзат Сыздықов ауыл балаларына жасалған бұл жағдайдың олардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысуына зор мүмкіндік екенін атап өтті.
Шара барысында шашу шашылып, лента қию рәсімі өткізілді. Заманауи талаптарға сай салынған спорт алаңының аумағы 800 шаршы метрді құрайды. Жасанды көгал төселген, арнайы қоршаумен қамтылған бұл алаң толықтай абаттандырылып, пайдалануға дайындалған.
Ашылу рәсімінен кейін ауыл жасөспірімдерінен құралған командалар арасында достық кездесу ұйымдастырылды.
Айта кету керек, тамыз айында Борсеңгір ауылында да жаңа шағын футбол алаңы пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда аталған нысанның құрылысына дайындық жұмыстары – алаңды тегістеу мен төсем жасау жұмыстары жүргізілуде.