Футбол алаңы-оқушылар игілігіне
Жезді кентіндегі №6 орта мектебінің жанындағы шағын футбол алаңы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайыра жаңғыртылып,оқушылар игілігіне берілді. Соған орай, аудан әкімінің кубогін сарапқа салған аймақтық деңгейдегі турнир ұйымдастырылды. Мемлекеттік Әнұранмен ашылған салтанатты шараға аудан әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ қатысып, сөз сөйледі.
– Биыл аудан көлемінде бірқатар тиянақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның бірі – Ұлытау селосы мен Жезді кентінде футбол алаңдарының ашылуы. Бұл қадам футболдың қарқынды дамуына игі әсерін тигізуі тиіс.
Бүгінгі таңда сол мақсатта тиісті жағдайлар жасалуда. Жуырда Ұлытау селосындағы стадионның ашылу құрметіне орай, футболдан ересектер арасында ұйымдастырылған аудандық турнирде Жезді кентінің командасы І орынды жеңіп алды. Осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын таба береді. Алдағы жылы кент орталығында үлкен спорт кешенін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, – деді аудан басшысы.
Бұдан кейін Жезді кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Рүстем Төрегелдин жылы лебізін білдіріп, жарысқа қатысушы оқушыларға сәттілік тіледі.
Турнирге Жезқазған, Сәтбаев қалалары, Ұлытау селосы мен Жезді кенті орта мектептерінің командалары қатысты.
Бәсекелі сайыс қорытындысымен жүлделі ІІІ орынды №6 Жезді орта мектебінің командасы, ІІ орынды №1 Ұлытау орта мектебінің командасы иеленді. Шынайы шеберлігін көрсеткен Сәтбаев қаласының Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің құрамасы командасы І орынды жеңіп алды.
Жеңімпаз командаға арнайы кубокті аудан әкімі Берік Әбдіғалиұлы өз қолымен табыс етті.
Өз тілшімізден.