Фейк: «Референдумға Елбасының отбасы өмір бойы азаматтардың салықтары есебінен өмір сүретініне кепілдік беретін түзетулер шығарылады»
Telegram-да 5 маусымда өтетін республикалық референдум барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасының барлық мүшелеріне қол сұғылмаушылыққа кепілдік беретін және азаматтардың салықтары есебінен оларды өмір бойы асырауға мүмкіндік беретін түзетулер қабылданатыны туралы ақпарат тарады. Бұл жалған.
ҚР Әділет министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Тұңғыш Президент мәртебесіне қатысты Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасына сәйкес үш норманы өзгерту ұсынылды:
1) 42-баптың 5-тармағының екінші бөлігі алып тасталады, оған сәйкес бір адам қатарынан екі реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды.
2) 46-баптың 4-тармағы алып тасталады. Онда Тұңғыш Президенттің мәртебесі мен өкілеттіктері Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалатыны жазылған.
3) Тұңғыш Президенттің аталуы Конституцияның 91-бабының 2-тармағынан алып тасталады.
Демек, Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне және оның отбасына жаңа кепілдіктер беруді көздемейтінін хабарлаймыз.