Есімі аңызға айналған КЕЙКІ

Елімізде Қазақстан Республикасының Туристік саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, жергілікті және өңірлік туризмді ілгерілету көзделуде. Бұл бағытта туристік нысандар мен киелі жерлерді жетілдіру алдыңғы орында тұр. «Nur Otan» партиясының бағдарламасында да осы мәселе күн тәртібіне қойылып отыр. Сондай тарихи орынның бірі – Қорғасын ауылындағы «Кейкі үңгірі». Келешекте оның туристер тамсана тамашалайтын орынға айналары күмәнсіз.

Кейкі – ұлт бостандығы үшін басын бәйгеге тіккен жан. Соқтықпалы, соқпақты заманның шырмауына ілінсе де азаттықты аңсап аласұрды. Елі үшін еңіреп өткен есіл ер қасық қаны қалғанша қызылдармен айқасты. Сол кездегі «Қазақстан» тарихының ақ парағына енбесе де, алып империя тұсында өз орнын еншілей алмаса да ұлт шежіресіне өшпестей ізін қалдырып кетті. Қызылдар жасағының бұғауына түспей арпалысқан Кейкі өз заманының «көкжалы» атанды. Оның есімін естігенде «сары орыс» селк етіп, «қызылдың» қаны басына шапты. Осы күнге дейін Кейкі Көкембайұлының есімі халық жадында, сақталып қалуы осыдан.

Оның азан шақырып қойған есімі – Нұрмағанбет. 1871 жылы «Байтума» қопасында (қазіргі Қостанай облысы, Аманкелді ауданы аумағында) туған. Кіндік қаны тамған осы аймақ. Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан. Жастайынан өжеттігімен, аңшылық, мергендігімен аймаққа танылған. Бірақ тұрмыс тапшылығын ерте көрген Кейкі амалдың жоқтығынан барып, күнкөріс қамымен Жыланшық болысының алпауыты Рахмет Шашамбайұлының қарамағында жылқышы болады. Болыстың барымтаға аттандыратын білекті де, жүректі, сенімді адамы болған. Оның құралайды көзге атқан мергендігіне сай «Аманкелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген» деген сипаттама әлі күнге дейін ел арасында сақталған.

Кейкінің бас көтеруіне 1916 жылғы «Маусым жарлығы» себеп болған. Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне алғашқы күндерден-ақ белсене қатысып, «мергендер жасағын» басқарады. Көтеріліс штабының ең қауіпті тапсырмаларын орындап, жиіжиі барлауға шыққандар берілген тапсырманы мінсіз атқарып отырған. Әсіресе, «Күйік» қопасындағы қанды қырғында Торғай қаласын қоршау кезінде және патшаның жазалаушы жасағына қарсы соңғы ұрыс – «Доғалы шайқасында» ерекше батылдығымен көзге түседі. Мұны ертеректе Кейкінің көзін көрген бабаларымыз жыр қылып айтушы еді. Олардың айтуынша, Аманкелді Иманов қазаға ұшырағаннан кейін барып, Кейкі қуғынға ұшырайды. Бұл – 1919 жыл екен. Сол жылы Кейкі қызылдар жасағынан жасырынып, Ұлытау, Қызылқұм жағында бой тасалауға мәжбүр болады. Бұдан кейін «Көксу» өзенін бойлап, Баты, Қарашың, Дүйсен қыстақтарын паналайды. Ұзақ уақыт осы маңда біраз тыныстаған. Бірақ Кейкінің осында екенін сезіп қалған орыс жасағы дереу оның ізіне түсіп, жолын бөгейді. Сондай қысылтаяң шақта жанталасқан Кейкі Шеңбер ауылынан 10 шақырым жердегі тау шатқалынан екі бөлмелі тас үңгірді жасап үлгереді. Тау жотасының желкесінен жасалған бұл үңгір оның қорғануына, әрі жасыруынына, дұшпандарына қарсы оқ атуына өте ыңғайлы болған тәрізді. Тура үстінен түспесең, сырт көзге көрінбейді. Үңгірдің қасбеті қара тастармен өріліп қаланған. Қараторғай өзенінің жағасындағы биік тау жотасының шатқалында.

Шындығына келгенде, Кейкіге бұл үңгірде болғанында қауіп төнбеген. Кейіннен Жыланшық өзені бойына қарай барғанда қызылдар жасағы айласын асырып, қапыда қолға түсіреді. Бұл 1922 жыл болса керек. Арнайы тапсырмамен шыққан комиссар Александр Токаревтің жазалаушы жасағы алыстан аңдып, түнде қоршап алған көрінеді. Қоршауда қалған Кейкіні қызылдар жасағы айуандықпен өлтіреді. Айуандығы сол – мергеннің екі қолы мен басын шауып алған деседі.

Бүгінде тау шатқалындағы үңгір өткен күннің белгісіндей киелі нысанның бірі болып отыр. Алдағы күндері бұл жер туристер тамашалайтын орынға айналары әбден мүмкін. Ол үшін ең әуелі туристер саяхаттауға қолайлы жағдай туғызу – алдағы күннің еншісінде.

Қайрат ЖҰМАБАЙ