Есімдері ел есінде

«Еңбек ер атандырады» дейді дана халқымыз. Расында кеңес дәуірі кезінде елі үшін тер төккен, сөйтіп, ауыл, аудан экономикасының өсіп-өркендеуі жолында жан аямай еңбек еткен дала майданының ерлері лайықты бағаларын алып отырған. Ол замандағы еңбек адамдарына берілетін жоғары атақтардың бірі – «Социалистік Еңбек Ері» атағы болатын. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында мұндай атақ иеленгендер республика бойынша көптеп саналады. Күріш өсіруші Ыбырай ЖАҚАЕВ, мал шаруашылығының дамуына үлкен үлес қосқан Жазылбек ҚУАНЫШБАЕВ, тұңғыш механизатор әйел Кәмшат ДӨНЕНБАЕВА сияқты еңбек ерлеріміз – ұлт мақтаныштары десек, артық айтпағанымыз. Еңбек ерлерінің есімдерін ұлықтау, кейінгі жастарға үлгі-өнеге қылу – басты парызымыз болса керек.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесі күні, Сарысу ауылында осындай бір ізгі іс жүзеге асырылды. Заманында осы ауылдан үш бірдей азамат «Социалистік Еңбек Ері» атағын алған болатын. Шағын ауылдағы ауыл шаруашылығын өркендетуге сүбелі үлес қосқан Абайділдә Жұмыртқинов, Әзімбай Тіккөзов, Керімбек Тұржанбаев үшеуі ауылдағы мал шаруашылығын дамытуға сіңірген ерен еңбектері үшін, бірнеше жыл қатарынан әр жүз аналыққа 125-140 қозы ерткендері үшін «Социалистік Еңбек Ері» атағын иеленген еді. Ілгеріректе ауыл көшелеріне үш «геройдың» есімдері берілген болатын. Енді, міне, ауыл әкімінің бастамасымен ауыл бюджетінен қомақты қаржы бөлініп, арнайы Құрмет тақтасы орнатылды. Ашылу салтанатына еңбек ерлерінің ұрпақтары, ауыл тұрғындары қатысты. Салтанатты ауыл әкімі Сәтжан Құрманбаев ашып, құттықтау сөз сөйледі. Сонан соң үш еңбек ерлерінің ұрпақтары, туған-туыстары естеліктер айтып, ерлерді ұлықтаған ауыл халқына алғыстарын жеткізді. Тұп-тура Тәуелсіздік күні өткен салтанатты жиыннан соң ерлердің ұрпақтары ақ дастархан жайып, үш «герой» аталарының рухтарына бағыштап, құран оқытты. Еңбек ерлерінің есімдері елмен бірге мәңгі жасайды!

Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ