ЕРТЕ СӨНГЕН ЖҰЛДЫЗДАР немесе өмірден өткен әріптестеріміз туралы сөз
Бәтняз ҚАЛИЕВ
(1950-1976)
Талантты журналист Батняз Қалиев газетте әдеби қызметкерден бөлім меңгерушісіне дейінгі жолдан өтті. Ол қай тақырыпты жазса да, оны терең меңгеруімен, өзіндік стилімен оқырманын тартып тұратын. Ойлы адам болатын. Жастарға жанашырлық танытып, ақылкеңесін аямайтын. Сөз қадірін білетін. Оның қолынан өткен мақалалар жұтынып шыға келетін.
Бос уақытында әдеби кітаптарды көп оқитын, көп ізденетін. Орыс әдебиетінен аударма жасаумен де шұғылданды.
Асанәлі ТӘЛІПОВ
(1950-1993)
Ұлытау аудандық «Ұлытау өңірі» газетінде белді журналистердің бірі болған ол кейін жаңадан ашылған аудандық «Қазақ тілі» қоғамын басқарды.
Асанәлі Тәліпов редакция табалдырығын 1973 жылдың 1-наурызында аттада. Әуелі корректор, одан кейін әдеби қызметкер, кейін бөлім меңгерушісі болды. Ал, 1984 жылдан тоқсаныншы жылдардың басына дейін бас редактордың орынбасары қызметін атқарды.
Оның қаламынан туған ойлы мақалалар, сын-сықақтары мен фельетондары оқырмандарын бей-жай қалдырмайтын. Лирикаға толы өлеңдері мен әсерлі әңгімелерінің өзі бір төбе болатын…
Құрманжан СЛАМАХУНОВ
(1949-1994)
Құрманжан Сламахунов шығармашылық еңбек жолын 1980 жылы бастады. Қаракеңгір ауылында еңбек етіп жүрген ол аудандық газетке ауыл өмірі жайлы мақалалар жазып тұратын. Қаламының қарымы бар жігітті бас редактор жұмысқа шақырды.
Құрманжан газетте қаламы жүйрік журналист ретінде танылды. Әсіресе, сын-сықақ арнаулы мүйісін қолға алып, жүйелі түрде бере бастады. Қоғамдағы келеңсіз құбылыстарды сатира тілімен келемеждеп, әзіл-әжуаға кең жол ашты.
Ләззат ТОРТАЕВА
(1962-2007)
«Ұлытау өңірі» газетінде өзіндік орны бар журналистердің бірі – Ләззат Тортаева еді. Онжылдықты тамамдағаннан кейін ол еңбек жолын осы газетте әдеби қызметкерліктен бастады. Газетте жүріп Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін сырттай оқып бітірді.
1984 жылдан бастап газеттің мәдениет және хаттар бөлімін басқарды. Ізденімпаз, жаңашылдықты жаны қалайтын қыз осы бөлімде жүріп әсерлі әңгімелер мен оқырман хаттары бойынша тамаша талдамалы мақалалар жазды. Ол ақын да еді. Оның қаламынан туған әдемі өлеңдері мен сырға толы мөлтек әңгімелерін жастар іздеп жүріп оқитын…
Қуаныш СИХЫМБАЕВ
(1945-2011)
Оны қаламдастарының бәрі Қақа деп атайтын. Аудандық газеттегі елгезек, үлкенге де, кішіге де қамқор болып жүретін, адам баласымен тіл табысқыш азамат болатын.
Мамандығы мұғалімдік болғанымен ол газеттің белді журналистерінің бірі болды. Ұзақ жыл ауыл шаруашылығы бөлімін басқарды. Совхоздар мен дала бригадаларына жиі әрі жедел хабарласып, түрлі тақырыптардағы жаңалық-хабарларды оңтайлы етіп бере қоятын.
Редакцияның кәсіподақ жұмысына белсене қатысып, журналистердің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысты.
Болат ДӘУЛЕТИЯРОВ
(1953-2012)
Ол журналистикадағы еңбек жолын Ұлытау аудандық «Ұлытау өңірі» газетінде бастады. Кейін отбасы жағдайымен көршілес жатқан Жезді ауданына қоныс аударып, аудандық «Октябрь туы» газетінде қатардағы әдеби қызметкерден жауапты хатшы дәрежесіне көтерілді.
Тоқсаныншы жылдардың соңында екі аудан біріктіріліп, Болат өзінің ұшқан ұясы «Ұлытау өңіріне» қайта оралып, өмірінің соңына дейін газеттің Жезді өңірі бойынша тілшісі болды…