Ерлік деп осыны айт

«Ер пайдасы тиеді сасқан жерде, Ел жаңылып етегін басқан жерде…» деп Ақансері бабамыз айтқандай, азаматтың азаматтығы, ерлігі – ел басына күн туып қысылған кезде көрінеді. Сол қиындықтан елді құтқару үшін өзін құрбан ету – бұл теңдесі жоқ, елдің есінде мəңгі қалатын ерлік. Елім деп еңіреп туған ер халқы үшін қандай да бір тəуекелге бара алады. Міне, осындай ержүрек азамат Сейіт ОСПАНҰЛЫ өзін құрбандыққа шалып, кезінде халқын апаттан, араны ашылған ажалдан аман алып қалған, есімі есте қаларлық біртуар азамат.

Сейіт Оспанұлы Ұлытау өңірі, Қаракеңгір ауылы, Жыланды өзенінің бойында 1914 жылы қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. Ол Сарғалдақ Түктібай Дулыға батырдың шөбересі еді. Сейіттің болмыс-бітімі, мəрт мінезі батырға ұқсап тұратын. Ол жасынан елге талантымен танылды. Ауыл молдасынан оқып, сауатын ашты. Онымен тоқтап қалмай, өздігінен ізденіп, білімін толықтыра түсті. Бұрын Атбасар ауданына қарап келген Ұлытау өңірі өз алдына енші алып, Қарсақбай ауданы болғанда Сейіт Оспанов жинақ банкінің бастығы болып тағайындалды.

Қазан төңкерісі халықтың жағдайын мүлдем құлдыратып жіберді. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен елдің қолындағы күн көрісін сыпырып алып, 1932 жылғы алапат ашаршылыққа ұшыратып, қазақ қынадай қырылды. Бұл қырғын 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадағы» кырғыннан да асып түсті. Қарсақбайға күн сайын жан-жақтан ағылып келіп, ас сұрап жүрген, көшеде аштан өліп жатқан адамдарды көргенде төбе құйқаң шымырлайды. Ауылдарды аралап келген адамдардың айтуына қарағанда «жол бойы өліп жатқан адамдардан аяқ алып жүргісіз» дейді.

Сейіт ауылдың жағдайын барып, бір көріп қайтайыншы деп ауылға келсе, жантүршігерлік жағдайды көреді. Сұмдық көріністі көрген Сейіт ауылдың адамдарын жинап, «сауып отырған сиырларың болса, арбаға жегіп Қарсақбайга менімен бірге жүріндер, ел аман болса мен сияқты бір Сейіт туар. Мен басымды тіктім, жинақ банктің ақшасына астық сатып əперемін. Бір-біріне қылдай қиянат жасамай, тең бөліп алыңдар» дейді.

– Шырағым, Сейіт сен əлі жассың ғой. Біз сені өлімге байлап бере алмаймыз ғой, – дейді ауыл ақсақалдары.

– Ықыластарыңызға рақмет! Мен өлсем бір Сейіт қана өледі, мына сіздер аман қаласыздар. Ал халық аман қалса, аналарымыз талай Сейітті табады. Мен өлмеймін. Өйткені, менің атымды айта жүреді. Артында аты қалган адам өлген бола ма?», – дейді. Сөйтіп, жинақ кассадағы акшаны салып жіберіп, Ресейге жөнелткелі тұрған астықты сатып алып, белгілі мөлшерін ауылға жіберіп, қалғанын сол жердегі ас сұрап жұргендерге бөліп беріп, өзі заң орнына барады. Ол кезде қызылдардың қылышынан қан сорғалап тұрган кез, Сейіт Оспанұлын сотта қарап ату жазасына кеседі. Мұны естіген ел еңіреп, оны ажалдан аман алып қалудың жолдарын іздестіре бастайды. Сөйтіп, ауыл адамдары аймаққа белгілі пысық, ақылды, таныстары көп, беделді кісі Тынымбайдың Тұрсынына барады. Ол кісі Сейіттің жазасын жеңілдетуге кірісіп кетеді. Сейіттің інісі Оспанов Сəрсембай ақсақалдың айтуына қарағанда Тынымбайдың Тұрсыны Əліби Жанкелдинмен дос болыпты. Сол кісіге барып, болған жағдайды айтып, жазасын жеңілдетуді сұрайды. Əліби Тұрсынға қолдан келгенін жасаймыз деп уəде береді. Сонымен Сейіт түрмеде үкімнің орындалуын күтіп жата береді. Түрмеге барған бойда бір еңгезердей орыс жігіті «Қане, нең бар, маған беретін. Мен осы түрмеде жатқандардың атаманымын» — дейді. Сейіт саспай «қазір беремін, шешініп алайын» дейді. Шешініп болған соң «Қане, саған не керек? Айта бер» дейді. «Сен мені келеке етіп тұрмысың» деп қолын көтеріп тұра ұмтылғанда, Сейіт оны бір-ақ ұрып, далп еткізіп, үстіне мініп алып, «бауыздап жіберейін бе?»,- дейді. Орыс жігіті жалынып, «дос болайық екеуміз, біріксек ешбір жау алмайды» дейді. Сөйтіп екеуі құшақтасып, дос болып кетеді.

Үкімнің орындалатын мерзімі де жетті. Есіктен келген милиция «Оспанов, шығыңыз» дейді. Сейіт бірге жатқандармен коштасып, ауылдың ақсақалдарына жазған хатын жаңағы досына беріп, ауылына жеткізуді аманат етіп, милицияга еріп шығады. Бірақ оны атуға емес, сотта ісін қайта қарауға алып шыққан екен. Сот істі қайта қарап, ату жазасын он жыл түрмеде отырумен ауыстырады. Бұл жерде Тынымбайдың Тұрсынының еңбегі болғанын, Əліби Жанкелдиннің жазасын жеңілдетуге ықпал еткенін түсінуге болады. Сөйтіп, Сейіт Оспанұлы он жыл түрмеде отырып, 1945 жылы «Қызылқұдықта» отырған ауылына аман-сау оралады. Сейіттің келуіне орай ауылы жасырын той жасайды. Бұл тойға кеңшар басшылары қатыспайды, турасын айтқанда қорқады. Ұжымшар басқармасы Бекенбаев Дүйсенбектің шаруасы жақсы, аузынан жалын шығып тұрған кезі еді. Сейітті жұмысқа алуға жасқаншақтап жүргенде, аудан басшылары «ел үшін азап шеккен азаматты жұмыссыз қоюға болмайды. Оның ел арасындағы беделі жоғары. Біз соны пайдалануымыз керек. Оған ешкімнің қарсы шықпайтынына сенімдіміз», – деп Дүйсенбекке ферма меңгерушісі етіп қоюды тапсырады. Сөйтіп, Сейіт ауданның əлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосуға кірісіп кетеді. Ол басқарған ферма аудан бойынша алдыңғы қатарға шығып, өзін қабілетті ұйымдастырушы ретінде көрсетеді. Халық арасында Сейттің беделі ұжымшар бастығынан кем болмайды. Ауыл халқы Сейіт Оспанұлының айтқанын екі етпей орындайды. Өйткені, ол осы халқы үшін басын өлімге байлап, өзін құрбандыққа шалып, он жыл бойы темір тордың арғы жағында азап шеккен азамат емес пе?

Сейіт өзінің зайыбы Айша екеуі өмір бойы тату-тəтті өмір сүрді. Өмірдің қызық-қуанышын көрді. Өздері тəрбиелеп, өсірген Əбдіғапары жақсы азамат болып өсті. Қазір жеке кəсіпкерлікпен айналысып жүр. Шаруасы жақсы. Халқының қалаулы ұлы Сейіт 1964 жылы дүниеден өтті. Марқұмның Алла жанын жəннатта еткей! Ол кісінің ерлігін, халқы үшін өзін құрбандыққа шалғанын ел аңыз етіп айтып жүреді.

ТҮЙІН: Сейіт Оспанұлы өзін құрбандыққа шалуға барып, бір ауылдың адамдарын алапат аштықтан, аранын ашқан ажалдан аман алып қалуы – теңдесі жоқ тарихи ерлік еді. Бүгінгі Қаракеңгір ауылының тұрғындары алапат аштықтан аман алып қалған əуелі Алла, екінші Сейіт ерлігінің арқасында тірі қалғандардың өсіп-өнген ұрпақтары. Сондықтан да қаракеңгірлік азаматтар, фермерлер, кəсіпкерлер, сыртта жүрген қалталы азаматтарынан Қаракеңгір ауылына Сейіт Оспанұлына арнап еңселі ескерткіш қою керек деген ұсыныс айтқым келеді. Бұған марқұмның туған-туыстары мұрындық болуға тиіс. Бұл Сейіттің рухына көрсетілген құрмет, елдің есінде қалдыратын ескерткіш, ұрпаққа мұра болатын игілікті іс болар еді.

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,

Ұлытау ауданының Құрметті азаматы,

 Қазақстанның Құрметті журналисі.