«Ерден батыр» мешіті ашылды

Өткен аптаның соңында Қаракеңгір ауылында жаңа мешіт ашылды. Алланың жердегі үйінің құрылысы өткен жылы басталған болатын. Оған Қаракеңгір ауылының №4 орта мектебін 1992 жылы тəмамдаған түлектер бастамашы болған еді. Түлектердің бұл игі ісін тұтас ауыл қолдап, демеушілік көрсетті. Нəтижесінде жаңа мешіт өткен аптада ауыл жамағатына есігін айқара ашты. Мешітке ауыл тұрғындары бірауыздан Ерден САНДЫБАЙҰЛЫНЫҢ есімін берді.

«Ерден батыр» мешітінің ашылуына ауыл жұртшылығы, Қаракеңгір өңірінің бұрынғы тұрғындарымен ауыл қонақтары жиналды. Салтанатты шараға Ұлытау облысы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Дулат Төлегенов пен Ұлытау облысының бас имамы Елдос Жұмəділда арнайы келіп қатысты.

– Еліміз Тəуелсіздік алғалы бері дəстүрлі дініміз өркендеу жолына түсті. «Дін – қоғамның тəрбиесі жəне айнасы» деген қанатты сөз бар. Осы даналықты ұстана отырып, біз ұрпағымыздың діни санасын қалыптастыруға қоғам болып жұмыс жасауымыз қажет. Дініне берік, білімді қауымға сыртқы күштердің ықпалы жүрмейтіні анық. Бұл ретте, имандылық ордасы саналатын мешіттердің ашылуы елдегі ынтымақ пен бірліктің сақталуына зор септігін тигізеді, – деді салтанатты шарада сөз алған облыстық Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Думан Рашидұлы.

Мешіттің ашылу салтанатында сондай-ақ облыстың бас имамы Елдос Жұмəділда сөз алып, сауапты іс жасаған ауыл жұртшылығына ризашылығын білдіріп, өмірден өткен жандарға құран бағыштады.
– Мұсылман адамға көптеген міндеттер жүктелген. Оның ішінде, Аллаға құлшылық ету, ата-анаға жақсылық жасау, мұқтаж жандарға көмектесу, балаларға дұрыс тəрбие беру жəне тағы басқалары бар. Қасиетті Құранда ата-анаға құрмет көрсетіп, оларға сөз қайтармау керектігі айтылады. Яғни, ата-ананы ардақтау – бəрімізге парыз. Осындай имандылықты, діни құндылықтарды дəріптейтін мешіт салу арқылы адамдар үлкен сауапқа кенеледі. Бүгін міне, Қаракеңгір ауылында жаңа мешіттің ашылуына куə болып отырмыз. Бұл жер жастарды тəрбиелейтін, ата-дəстүрімізді насихаттайтын орын болатыны анық. Сондықтан осы игілікті іске атсалысқан барша демеушілерге, ауыл халқына алғысымды жеткіземін, – деді бас имам Елдос Жұмəділда өз сөзінде.

Құрметті меймандар мешіт үйінің лентасын қиғаннан кейін жұртшылық жаңа мешіттің ішін аралап көрді. Имандылық ордасында Құран оқылды.
Салтанатты шараның соңы тойлы ауылда жалғасты. Алыстан келген меймандарға арнайы тігілген киіз үйлерде дастархан жайылып, дəм берілді. Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, елдің көңілі бір серпіліп қалды.
«Ерден батыр» мешіті ғимаратының іргетасы мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектердің демеушілігімен жəне ұйымдастыруымен 2022 жылы қаланды. Мұндай сауапты іске ауыл тұрғындары, кəсіпкерлер мен жастар жұмылып, елді мекенде сəулетті жаңа мешіт бой көтерді. Игі жұмыстар елдегі бірліктің арқасында жүзеге асып отыр. Бұл ауылда өскелең ұрпақты имандылыққа, отансүйгіштікке тəрбиелеуде жанашыр жандардың көптігін білдіреді. Қай кезде де мешіт салу – ең үлкен сауап саналады. Осындай жақсы іске атсалысқан ауылдастарыма, жастарға шынайы ризашылығымызды білдіреміз», – дейді шараға жиналғандар бірауыздан.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.