Енесін аялаған келіншек

«Кеудесін соққан келіннен, кездейсоқ келген өлімнен сақтасын» дейтін ежелден келе жатқан тәмсіл бар. Осы бір ауыз сөздің өзі-ақ терең ұғымдарды ойға оралтатыны анық. Кеудесін соққан келіндердің кесірінен қаншама шаңырақ шайқалып жатыр… Алайда, біздің айтпағымыз ол жайында емес. Керісінше, келін мен ененің арасындағы жарасым, сыйластық хақында.

Жалпы, адам табиғаты – күрделі құбылыс. Адами қалпын жоғалтпағандардың бойында қашанда ізгі қасиеттер көп, сондай-ақ, олардың ішкі мәдениеті де жоғары болады. Біздің бүгінгі кейіп керлеріміз – Пионер ауылының тұрғыны, ғасыр жасаған ана Күлзағира Қолғанатова мен келіні Ұлбосын Тұрғанбаева сондай жандардың санатынан.

Ұлтымыздың асыл мұраларын өн бойына жинаған, өмірлік мол тәжірибесі бар енелер келінін өз қызындай қабылдап, әр істі тыңғылықты атқаруға, ұқыптылыққа баулиды. Күлзағира апа да Ұлбосын келін болып босағасын аттағанда қызындай қабылдап, құшағына басқан екен. Содан бері міне, екеуінің жұбы жазылмай келеді.

– Енем – алтын адам, адамгершілігі мол, еңбекқор, түсінігі терең жан. 1994 жылы келін болып түскен едім. Сол уақыттан бері апамнан үйренгенім өте көп. Маған алғашқы күннен-ақ жылы қарады. Алланың мұнысына шүкіршілік етемін. Жас болған соң кей жағдайда үлкен кісілердің ойынан шықпайтын жайттар болады ғой. Сондайда апам: «Ештеңе етпейді. Анасының ішінен ешкім біліп тумайды. Әлі жассың, ертең өмірдің өзі-ақ үйретеді», дейтін.

Білгенімнен білмегенім, көргенімнен көрмегенім көп екенін келін болғанда барып түсіндім. Бүгінде отанасы болып осы дәрежеге жеткенім осы алтын анамның арқасы деп білемін, – дейді Ұлбосын ағынан жарылып.

Енесін аялаған келіннің сөзіне қарағанда Күлзағира апаның да көрмеген құқайы аз емес сияқты. Жан жары Шыңғысбай Қолғанатовпен ұзақ отаспапты. 47 жасында жесір қалып, Алла берген екі қыз бен жалғыз ұлды ешкімге жаутаңдатпаймын деп жалғыз тәрбиелеп жеткізген екен. Бүгінде балаларының бәрі үйлі-баранды болып, жан-жаққа кеткен. Өзі ұлы Қанат пен келіні Ұлбосынның қолында бақытты ғұмыр кешуде.

Әңгіме барысында ене мен келіннің бір-біріне деген ықыластарын аңғармау мүмкін емес. Оның арасында адам қызығарлықтай жарастық та, ата-баба тәлімінен тамыр тартқан өнеге мектебі де бар.

– Бүгінде апам 100-дің үстінде. Біздің өзіміз жер ортасынан астық. Сонда да апамның айтқанымен жүріп-тұрамыз. Апамнан ақыл сұрап отырамыз. Біздің ғана емес, ауылымыздың үлкені болғандықтан да сырттан келген меймандар келіп, сәлем береді. Сондайда, құшағымызды ашып, дастарханымызды жайып, қарсы аламыз. Апам үйреткен тәрбие бұл. «Үйіңе кісі келсе ең әуелі қабағыңды бер. Қабағың келіспесе, берген тамағың да сіңімсіз болады» деп отырады, – дейді келін.

Шіркін, барлық ене мен келін осындай тату болғанда ешбір шаңырақ шайқалмас еді-ау деген ойға қаласың осындай әңгімеден кейін. Рухани құндылықтарымызды материалдық игіліктер баса көктеп алға шыққан алмағайып уақытта кейбір жандардың кереғар тірлігіне қарының ашады. Жасы жер ортасынан асқан кей замандастарымның ішкі ой-санасына үңілсең, жаның шошиды. Ене түгілі туған анасын сыйламайтын қыз-келіншектерді көргенде төбе шашың тік тұрады.

Ата-ананың ғана емес, бүкіл жасы үлкен буынның алдынан кесе-көлденең өтпеу – кісіліктің келбеті ғана емес, бұрынғы ата-бабаларымыздың салып кеткен жолы емес пе еді?! Олай болса, салт-дәстүрімізге адалдық танытуды әркім өзінің қара басынан бастағаны дұрыс-ау. Ал оларға енесін аялап отырған Ұлбосындар үлгі болары анық.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ

ПИОНЕР ауылы