Елордада жаңа жинақтың таныстырылымы өтті

Жуырда Елордадағы «Кәусар» баспасынан ақын, публицист, қоғам қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Жоғары мектеп ғылым академиясының және Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, «Өнеркәсіпке қолдау көрсету» Француз қауымдастығының алтын медалімен және Халықаралық «Алтын құрыш» (Женева) сыйлығымен марапатталған бірегей тұлға, марқұм Жұмағали НАУРЫЗБАЙДЫҢ «Ғұмыр-дастан» атты жинағы жарық көрген еді.

Жаңа жинақтың тұсаукесері Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада ұйымдастырылды.

Ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай сөз тізгінін ұстаған таныстыру рәсімінде мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамбет Көпей, қаламгер, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Сауытбек Абдрахманов, академик, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғарифолла Есім, еңбек ардагері Тиышбек Тәжин сөз алды. Жинақтың лентасын қию рәсімі де аталған азаматтарға бұйырды.

Сондай-ақ, ҚР Мәдениет қайраткерлері Қайырбек Сәдуақасов пен Серік Тілеубаев және тағы да басқа зиялы қауым өкілдері автордың сан қырлы таланты, қаламгерлік қабілет-қарымы мен оқырман игілігіне айналар кітаптың мән-маңызы туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

Өз сөзінде Жұмағали Жөкейұлының жары Жанат Әбду жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, жинақты әзірлеу жұмыстарын тиянақты атқарған баспа ұжымына алғыс айтты.

Бес бөлімнен тұратын кітаптың алғысөзін академик Ғарифолла Есім жазған.

Жинақтың І бөліміне автордың таңдаулы поэзиялық туындылары, ІІ бөліміне түрлі тақырыптағы публицистикалық жазбалары мен өзіндік ой-толғаныстары, ІІІ бөлімге әр жылдары әр деңгейлі басылымдарға берген сұхбаттары жинақталған. Сондай-ақ, IV бөлімге Жұмағали Жөкейұлының жалпы шығармашылығы мен азаматтық болмысын айшықтайтын, Кәкімбек Салықов, Сайлаухан Нәкенов, Темірхан Медетбек, Ғалым Жайлыбай, Серік Негимов, Қали Сәрсенбай, Жанбол Жылбаев, Ғазиз Ештанаев, Кенжебай Ахметов секілді бір топ қаламгер мен ғалымдардың түрлі басылым-жинақтарда жарық көрген жазбалары топтастырылған. Ал соңғы V бөлімге ол кісі өмірден өткен соң жазылған, Сауытбек Абдрахманов, Дәулеткерей Кәпұлы, Сағындық Қожамсейітов, Жақан Махмұтов, Тишбек Тәжин, Рақыш Ыдырысова, Мұрат Әбеуұлы, Бекзат Алтынбеков, Гүлмира Боранқұлова және тағы басқаларының естеліктері жинақталған. Жалпы көлемі 416 беттен тұратын көлемді де көркем кітапта автордың ғибратты ғұмыр жолынан сыр шертетін 1 баспатабақ түрлі-түсті фотосуреттер де берілген.

Жинақтың құрастырушысы – Жұмағали Жөкейұлының жары Жанат Әбду, жауапты редакторы – Қуат Құрмансейіт.

Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ.