Ұлытау ауданында Аналар күні тойланды
Биыл елімізде Аналар күні мерекесі алғаш рет аталып өтуде. Бұл мереке отбасы институтын нығайту мен ана мәртебесін көтеруге бағытталған.
“Әлемнің көптеген елдерінде отбасы құндылықтарын дәріптеу, отбасы және тәрбие институтын нығайту мақсатында аталып өтетін ресми мерекелер – Аналар күні мен Әкелер күні біздің елімізде де бекітілді” делінген Қазақстан үкіметінің 2023 жылғы мәлімдемесінде.
⠀
Бүгін Отбасы күні мен Аналар мерекесіне орай аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық Ұлытау ауданының Іскер Әйелдер Қауымдастығы мен Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Ардақтайық ананы» атты мерекелік іс-шара өтті.
⠀
Шараның шымылдығы шебер аналардың қолөнер көрмесімен ашылды. Мерекелік кеш отбасының берекесін арттырып, ұлттық құндылығымызды дәріптеп отырған алтын құрсақты аналарымыз бен әулеттің тірегі болған ардақты әкелер жайлы бейнекөрсетілімдермен басталды.
⠀
“Мемлекеттің өсіп-өркендеуі мен қоғамның мызғымас тұрақтылығының басты кепілі — ол отбасы. Ынтымағымыз бен ырысымыздың, бұзылмас бірлігіміз бен берекеміздің бастауы — отбасымыз аман болсын», – деді аудан әкімі Аманжол Мырзабеков құттықтау сөзінде.
⠀
Құттықтау мерекелік марапатқа ұласты. Ұлытау ауданының қоғамдық өміріне белсене араласып, дамуына үлес қосқан Раушан Байлиева, Күлжанат Мусеева, Күнсұлу Серікбаева, Патимат Осканова, Зәуреш Борсанаева, Маржан Булегенова, Абзал Оспанов, Гүльмира Дукенбаева, Юлия Пасс, Шолпан Жұмановаларға Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды. Іскер әйелдер кауымдастығының “Қоғамға қосқан үлесі үшін” медалімен Гүлжан Бекназарова марапатталды. Шараның ресми бөлімі қарсақбайлық «Ақ әжелер» ансамблінің әсем әнімен тәмамдалды.
⠀
Мерекелік кеш тау бөктерінде тігілген киіз үйде жалғасты. Қазақтың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлері көрсетіліп, табиғат аясында ұлттық тағамдар дайындалды. Қазақтың қолдан жасалынған тұрмыстық бұйымдарын жасаудан шеберлік сағаты өткізілді. Жиналған көпшілікке киіз үйде жайылған ақ дастарқаннан қазақы ұлттық тағамдардан дәм берілді.
Ұлытау ауданы әкімінің баспасөз қызметі.