Елге қайту орындалмайтын армандай көрінген – «Жусанмен» оралған репатриант

Жанар (кейіпкердің өтінішімен есімі өзгертілді) – Сирияға күйеуінің артынан «жақсы» өмірді іздеп барған қаракөз қыздарымыздың бірі. Бейбіт мемлекеттің орнына қанқұйлы соғысты, əділдіктің орнына жауыздықты, қуаныштың орнына қорқыныш пен өлімді көрген келіншек Сирияда өткен бес жылдық өмірі жайлы Kazislam.kz порталына сұхбат берді.

«Дін жолына күйеуім үгіттеді»

Жанар болашақ жарымен колледжде бір мамандықта оқып жүргенде көңіл жарастырған. Көп ұзамай екі жас заңды некелерін қиюға шешім қабылдаған.

«Күйеуіммен танысқанда дін жайлы хабарым болмады. Ол сол кезде намаз оқып жүретін. Дін жолына күйеуім үгіттеді. Кездесіп жүргенімізде мен де намазға жығылдым. Кейін бір жыл жүріп, үйлендік, балалы болдық», – деп есіне алды Жанар.

Айтуынша, кейіннен жары жат ағымның жетегінде кетіп, 2013 жылы Сирияға аттанған.

«Күйеуім маған көп нəрсе түсіндірген жоқ. Бір жарым жыл бойы бізді сол жаққа шақырды. Басында баруға қорқып жүрдім. Кейін ол мұнда бəрі отбасыларымен бірге тұрып жатыр деген соң қасына баруға келістім», – дейді келіншек.

Сириядағы өмір

Сөйтіп Жанар күйеуінің артынан бір ұл, бір қызын жетектеп, Таяу Шығысқа аттанады.

«Бір түнде жиналып, Алматыдан Стамбұлға ұшып, ары қарай Сирияға кеттік. Сол кезде ұлым бір жарымда, ал қызым екі жарым жасар еді. Келгенімізде бас-басымызға пəтер берді, ай сайын төлем төлеп тұратын. Кейде тіпті азықтүлік əкеліп тастайды. Осында жүріп екі ұлымды босандым», – деді ол.

Айтуынша, 2016 жылдан бастап жағдайлары қиындаған.

«Пəтер дұрыс болмай, тіпті бір бөлмеде 5-6 адамнан тұратынбыз. Тамақтарымыз да таусылды. Жиі бомба тастау оқиғалары басталды, нағыз соғыста жүргендейсің. Оған қоса əділетсіз жағдайлар көп болды. Ислам жері, бəрі шариғатпен шешіледі деген ниетпен бардық, бірақ кейін көргеніміз тек əділетсіздік», – деп сөзін жалғады кейіпкеріміз.

Қазақ мəдениетіндегі исламның рөлі

Бір жылдан кейін Жанардың күйеуі қайтыс болды. Балаларымен жалғыз қалған əйел елге қайтудың амалын сол кезден қарастыра бастағанын айтады.

«2017 жылы күйеуімді жоғалтқаннан бері елге одан сайын қайтқым келіп, сағынып жүрдік. Елге қайту орындалмайтын армандай көрінген. Сол жерде жүріп үлкен ұлымнан да айырылып қалдым. Кейін күрдтерге тұтқынға түскен соң, елге қайтудың жолын қарастырдым», – дейді ол.

Елге оралу

Əл-Хол лагерінде жүргенінде Жанар «Жусан» операциясының болатынын таныстарынан естіген. Көп ұзамай тізім құруға келген қазақ азаматтарымен кездесіп, араға бір ай салып, «Жусан-3» операциясымен елге оралады.

«Артынан қазақтар келіп бізді алып кеткен кезде қатты қуандық. Өз елімізге келгенімізге шүкіршілік етеміз. Қазақстанға келгенде қызым алтыда, ортаншы ұлым төртте, кенже ұлым екіде еді. Елге келем деп дайын келгеннен кейін бе қиындық болмады. Басында бізге жаман сөз айтса, не болады деген ғана қорқыныш болды. Бірақ ешкімнен ешқашан ондай кемсіту естіген емеспін. Жақындарым да көмектесті», – дейді Жанар.

Қазақстанға келгелі Жанар курс тəмамдап, бухгалтер көмекшісі ретінде жұмыс істеген. Қазір Қарағанды облысының дін орталығында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен айналысады.

Оның сөзінше, балалары да ортаға тез бейімделген. Жанардың үлкен қызы мектеп табалдырығын аттаса, екі ұлы балабақшада тəлім алып жүр.

«Басында қызым мектепке барғысы келмей, үнемі мені іздейтін. Кейін ақырындап үйренді. Сыныбындағы мұғалім де жақсы болып, өзіне жақын тартып жүрді. Қазір құрбылары бар, жақсы араласып кетті. Өткеніміз туралы ешкім сұрақ қоймайды. Кішкентай екі ұлымның жат өлкеде болғаны мүлдем есінде жоқ. Үйде де ол туралы сөйлеспейміз. Өткен нəрсені ұмытқымыз келеді», – дейді келіншек.

Бұл мақала Еуропалық Одақ қаржылай қолдауымен əзірленген. Оның мазмұны автордың жауапкершілігіне жатады жəне Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

Əсел ИБАДУЛЛАЕВА.