Электронды қызмет – уақыт талабы

Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтеріміз күннен күнге дамып, халыққа қолжетімді жəне тиімді бола түсуде. Халықтың көрсетілетін қызметтер туралы толық ақпарат алуына барлық жағдайлар жасалған. Мемлекет алдына қойылған негiзгi мiндеттердiң бiрi — жоғары сапалы мемлекеттiк қызмет алуға барлығының бірдей қол жеткiзуi.

Осы арада қол жетімді мемлекеттік қызмет деп бірінші кезекте электронды қызмет алуды айтуға болады. Яғни, электронды үкімет порталы арқылы (цифрлы қолтаңбаның көмегімен, Digital-ID, QRкод, sms) немесе ешбір адамның көмегінсіз, таныс-тамыр іздеместен, ұзынсонар кезекте тұрмай кез-келген қызметті көрсетілген уақытта алу артықшылығына ие болу деген сөз.

Бұл өз алдына мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттырып, тұрмыстық сыбайлас жемқорлық тəуекелдерін жойып, əрқайсымыздың цифрлы сауаттылығымызды жоғарылатып, бəсекеге қабілеттілігімізді айқындайды. Электронды мемлекеттік қызмет көрсетудің негізгі құралы – электронды үкімет порталы.

Электронды үкімет порталы «egov.kz» тəуліктің кез-келген уақытында сізге жұмыс жасауға дайын. Ол үшін сізге ЭЦҚ (электронды сандық қолтаңба), интернет желісіне қосылған компьютер, смартфоныңыз ғана қажет.

Мəселен, мемлекеттік қызметті алу үшін мекемеге біраз уақытыңыз кетті, жүйкеңіз шаршады, қаржыңыз шығындалды.

Ал, тура сол қызметті электронды үкімет порталын пайдалану арқылы алып көрсеңіз, ешкіммен тілдесіп, абдырап қалған жоқсыз, жеңіл əрі өте ыңғайлы болды. Жүйкеңізде тыныш, қаржыңызда орнында қалды. Нəтижесінде сізге электронды нұсқада қызмет алған ұнауы ықтимал. Электронды қызмет алу – өмір сүрудің тетігін жеңілдетеді. Ыбырай атамыздың: «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызды», – деген сөзі ойымызға дəлел бола алады.

Қазіргі таңда əлем жылдам өзгеру үстінде. Ғылым мен техниканың өркендеген жаһандану кезеңінде өмір сүріп жатырмыз.

«Еgov.kz» – бұл қолжетімді жылдам ақпарат алу көзі. Технологияның қарқынды дамуы қоғамның барлық саласын түбегейлі өзгеріске ұшыратып отыр. Мысалы, Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметі жеңілдеген сияқты. Үйде, жұмыста отырып автобусқа, пойызға билет алуға, мемлекеттік органдардан анықтамалар алуға, мемлекеттік сатып алуларға қатысуға немесе белгілі бір мемлекеттік органға тікелей шағымдануға («Виртуалды қабылдау»), коммуналдық қызметтерді төлеуге мүмкіндіктері бар.

Еліміз əр жыл сайын бір тарихи жаңалыққа толы кезеңге аяқ басады. Еліміздің мақсаты – əлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғыруы тиіс.

Қазіргі таңда техника, технология жетістіктерін шеберлікпен пайдаланудың арқасында мемлекеттік органдар мен үкіметтік ұйымдар ел азаматтарымен тұрақты қарым-қатынас жасаудың тиімді жолдарын осы электронды үкімет жүйесі арқылы тапты. Мұның тиімді жақтары қажетті ақпаратты жедел береді, мемлекеттік қызмет көрсетуді тиімді етеді жəне шығынның аздығымен əрі ашық, жариялылығымен ерекшеленеді. Үкіметтік ұйымдардың да өзара тығыз байланыста жұмыс істеуіне елеулі ықпал ете алады.

Үкімет ұсынған қызметтерді халық ақпарат алмасудың жылдамдығы арқасында тез меңгеруде. Керекті құжаттың электронды нұсқасын пайдалану арқылы қағазбастылық артта қалып, халыққа қызмет көрсету сапасы артып келеді. Бұл – электронды үкіметтің игілігі. Мемлекеттік қызметтерді электронды үкіметтің веб-порталы арқылы аласыз, сыбайлас жемқорлық тəуекелдерінің туындауынан алшақ боласыз, жоғарыда айтып өткендей, уақытыңыз, қаражатыңызды үнемдейсіз, əрі экономиканың қарқынды дамуына да өз үлесіңізді қосасыз.

Аяулым БОЛАТҚЫЗЫ,

 ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызметтер көрсету басқармасының бас маманы.