Электронды темекі несімен қауіпті?

Жастар арасында кеңінен таралып, қазіргі таңның өзекті мəселелерінің біріне айналған бұл өнімнің қаншалықты зиян екені көпшілікке мəлім болса да, оны қолдануларын əлі де тоқтата қоймады. Қоғам жастары есеюдің көрінісі десе, енді бірі бүгінгі таңның сəні ретінде күнделікті өмірде кеңінен пайдалануда.

Электронды темекі құрамында 30-дан астам улы заттар бар. Олар: никотин, көмір қышқыл газы, көміртек тотығы, көгеретін қышқыл, аммиак, шайырлы заттар, органикалық қышқылдар жəне т.б.
Біреулер ермек үшін қолданса, өзгесі кəдімгі шылымды тастауға көмектеседі деген оймен пайдаланып жүр. Сыртты былай қойғанда, оны ғимараттың ішінде, үйде шегетіндер көп.
Электронды темекінің негізгі бөлігі ол – никотин. Улы зат адам ағзасына бірінші тартқаннан-ақ кіріп, қанға өтеді. Психологиялық тəуелділік туындайды. Адам оны шекпесе ашуланшақ болады. Жүрек-қан тамырларына əсер етеді. Сондай-ақ, өкпе мен бүйрекке зиян тигізеді. Ұзақ уақыт бұл құрылғыны пайдалану қатерлі ісікке əкелуі мүмкін.
Сондай-ақ, мамандар электронды темекі дəстүрлі темекіден зиянырақ деген пайым айтты. Себебі, қыздырылатын табактың құрамында химиялық улы заттар бар. Ал, стиктердің фильтріндегі күйік қалдықтарынан бауырға зиянды қосылыстар бөлінеді екен. Темекіні тастауға бекінген қолданушылар электронды құрылғыға одан əрі əуестеніп кетеді.
Электронды темекі қаншалықты зиян екені жайында ұшантеңіз ақпараттар айтылып жатса да мұны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Қазіргі жұрт қоғамдық орындарда электронды темекі түтінін будақтатып отыратын болды.
Шылым жасөспірімдерді желіктіріп, түтінімен еліктіріп тұр.
Мектеп қабырғасында тəлім-тəрбие алатын қастерлі орында жас жеткіншектер, мұны дүкендерден арнайы, қолжетімді бағада сатып алып, жасырын түрде қолданады.
Осыған байланысты, аудан прокуратурасы аудан аумағында орналасқан сауда орындары мен дүкендердің иелерін кəмелетке толмағандарға темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін жəне оларға арналған сұйықтықтарды сатуға болмайтыны жəне ол үшін заңнама бойынша тиісті жауапкершілік көзделгені туралы ескертеді.
Қорытындылай келе айтарымыз, бірінші байлық – денсаулық демекші, оны сау кезінде бағалайық. Он екі мүшеміз аман-есен, күш-қайратымыз, ерік-жігеріміз тасып тұрған шақта оны мағыналы істерге жұмсайық. Электронды темекі, вейптар-өзіңізді алдау. Табак өндірушілердің жарнамасына еліктемей, өзіңіздің, келешек ұрпағыңыздың саулығын ойлаңыз. Денсаулық — тек жеке бастың ғана емес, ұлтымыздың ұлы игілігі. Осыны ескере отырып, салауатты өмір салтын ұстануға ұмтылайық!
Зиянды əдеттерден барынша аулақ болып, қоғамда ұлттық тəрбиемізді нығайтып, жандандырайық!

Ұлытау ауданының прокуратурасы.