Елдік мұрат өлшемі
Бабалардың ғасырлар бойы асыл арманы болған Тәуелсіздікке қол жеткізгенде «ақ түйенің қарны жарылғандай» қуанышты күй кешкеніміз кеше ғана секілді еді. Уақыт – жүйрік, уақыт – зымыран! Содан бері 30 жылға жуық мезгіл кезеңі өте шығыпты.
Бұл Қазақстан үшін дамудың дара даңғылын табу, сол арқылы өсіп-өркендеу шағы болғаны анық. Тарихтың сан зұлматын өткеріп, басынан қиын-қыстау кезеңдерді молынан өткерген халық өз тізгіні өз қолына тигенде өтпелі мерзімнің кедергілеріне төтеп беріп, іркілмей ілгері басу жолына түскен еді. Бүгін қалың қауым соның игілігін көріп, шапағатын сезініп отыр. Шүкіршілік, елде ұлтаралық татулық пен өзара түсіністік ахуалы үстемдік құрып, Көкбайрағымыз әлемдік ареналарда желбіреген сәттеріне сан мәрте куә болғанымыз – мерей.
Тірлікте ынтымақ пен ымыраға жетер ештеңе жоқ. Себебі, ел ырысының еселенуі, тұрғындардың әл-ауқатының артуы, бейнелеп айтқанда, халықтың «көйлегі – көк, тамағы – тоқ» болуы – сол ынтымақ-ымырадан бастау алатын тыныштықтың арқасы. Тыныштық – тұрақтылықтың негізі, ал тұрақтылық – қашанда даму мен өркендеудің басты шарты.
Соның бәрі, дұрыс бағамдай білсек, елдіктің өлшемі. Елдік өлшем ұстанымдарын қастерлей білетін ұлағатты ұлттың келешегі – кемел, болашағы – жарқын.
Эльмира ЕРШҰМАНОВА,
Ұлытау аудандық мәслихатының депутаты,
аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы.