«Елдің діни діңгегі – дәстүрлі Ислам»

Биылғы жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесін атап өткелі отырған Қазақ елі, дамудың даңғыл жолын еңсеріп келеді. Тәуелсіздік жылдары еліміз әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ғана емес, рухани құндылықтарын дамыту жағынан да талай асуларды бағындырды. Бодандық жылдары құрып кетудің аз-ақ алдында қалған ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыз, тіліміз бен дініміз қайта жаңғырды. Әсіресе, ел ішінде мешіттер мен медреселер есіктерін айқара ашты. Иісі мұсылман қауым асыл дінімізбен қайта қауышып, діни сауаттылық деңгейін көтеруге ден қоюда.

Әлбетте, бұл орайда ауыл имамдарының еңбектері елеулі. Олар халық арасында діни басылымдар мен кітаптардың көбейіп, таралуына ықпал жасауда. Ислам дінін насихаттауда түрлі діни оқулықтардың атқарар маңызы зор. Жуырда Сарысу ауылындағы Шубай ата атындағы мешіттің бас имамы Әнуарбек қажы Сүйінбайтегінің «Елдің діни діңгегі – дәстүрлі Ислам» атты кітабы жарыққа шықты. Бұл – оның үшінші кітабы. Осыған дейін «Дін – рухани өмірдің тірегі», «Дін мұраты – ынтымақ пен имандылық» атты кітаптары оқырмандарға жол тартқан болатын. Екі кітапта мұсылман парыздары, имандылық пен парасат, адамгершілік пен ізгілік туралы туындыларға толы еді. Жаңа жинаққа діни тақырыптағы дүниелер, діни уағыздары, Ислам дінінің шарттары мен міндеттері, мұсылманның парыздары жайлы ой-пікірлер мен пайымдаулар енгізілген. Иісі мұсылман қауымның діни сауатын ашуға, ілімін жетілдіруге таптырмас оқулық, қалың оқырманның көңілінен шығатыны даусыз. Шағын жинақтағы туындылардың мазмұны маңызды, ойы оралымды, тілі жатық. Жаңа жинаққа мол оқырман, авторға шығармашылық шабыт тілейміз.

Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ