Елдің қамы – ерекше назарда

Жергілікті атқарушы биліктің халық алдындағы есеп беру кездесуі Борсеңгір ауылында да бекітілген кестеге сәйкес өткізілді. Маңызды жиынға аудан әкімінің орынбасары Бағдат БАЙЖАНТАЕВ, аудандық мекеме-ұйымдардың басшылары арнайы барып қатысты. Ауылдық округ әкімі Бауыржан ӘЛІМБЕК бұл қызметке жақында ғана кіріссе де, ахуалды жете зерделеп үлгергені, соған орай, біршама әлеуетті істер атқарғаны айқын аңғарылды.

Оның мәлімдеуінше, «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында ауыл клубына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. «Қатысу бюджеті» арқылы  воркаут спорт алаңы салынған. Балалардың ойын алаңы жөндеуден өткізілген. Көше бойлары жарықтандырылып, суағарлар талапқа сай ретке келтірілген. Індеттің таралуына тосқауыл қою мақсатындағы іс-шаралар ұтымды ұйымдастырылып, рейдтер өткізіліп тұрған.

Ауылда «Beeline», «Теле-2» ұялы байланыс операторлары қызмет көрсетеді. Халыққа ауызсу еш кедергісіз, тұрақты түрде берілуде.

2021 жылы «Қатысу бюджеті» аясында саябақ, Борсеңгір-Теректі бағытындағы көтерме жол, ауыл көшелерінің жолдары жөнделетін болады. Сонымен қатар, ток жүйесін бір қалыпқа келтіру, балалар ойын алаңын салу секілді жұмыстар да атқарылады. Қысқасы, елдің қамы – ерекше назарда.

Ауыл басшысының есебінен кейін еңбек ардагерлері Сейтжан Байкенжин мен Сейтмағзұм Құсайынов ақ батасын беріп, әкімнің алдағы еңбегіне сәттілік тіледі.

Жасұлан АЯШЕВ

БОРСЕҢГІР ауылы.