Елдегі жаңа реформа – жаңа саяси мәдениет

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың реформалары халық игілігіне бағытталған. Әр жылдағы жолдаулары — саяси саладағы өзгерістер, Үкіметке жүктелген тапсырмалар, халық үніне құлақ асатын мемлекет, елге қызмет көрсетуші мемлекет орнықтыру міндетінен туындап отыр.

Қаңтар қасіреті кезіндегі тәртіпсіздіктер де елге түбегейлі реформа қажет екенін көрсетті. Мұның бәрі халықтың мемлекетке деген сенімін арттыру мақсатында жасалып жатқан қадам екені сөзсіз. Жалпы елдегі саяси болсын, экономикалық болсын реформалардың барлығы мемлекеттің дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын күшейтуге, адами капиталды арттыруға, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің қалыптасуына, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, түптеп келгенде қазақстандықтардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатыр.
2022 жылғы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын: «Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік.»,- деп бастаған еді. Осы жолдау аясында 2022 жылы ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен Ата заңға бірқатар өзгертер енгізілді. Тек енгізіліп қана қоймай, конституцияға енгізілетін өзгерістер халықтың талқысына ұсынылып, кейіннен референдум арқылы қабылданды. Бұл – Қазақстанның саяси аренасындағы айтулы оқиғалардың бірі болды. Жолдауда берілген тапсырмалар тек мұнымен шектелмей, Үкімет отырысында бірқатар тапсырмалар беріліп, қазіргі таңда жүйелі түрде, кезең-кезеңмен орындалуда.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын алатын болсақ, қазір билік пен халық арасында еркін байланыс, жедел хабарласу мүмкіндігінің арқасында мәселенің оңтайлы шешімін табу жолдары қарқынды жүруде. Яғни, Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр.
Мемлекет басшысының басты реформаларының бірі ретінде үш жаңа облыстың құрылуын айтуға болады. Әкімшілік реформа бағытында әкімшілік-аумақтық өзгерістер де болды. Еліміз үшін мақтанышпен айта алатын тарихи оқиға. Бұл тарапта Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылды. Бүгінде бұл облыстардың шекарасы шегеленіп, қазығы қағылған. Ұлытау облысының әкімшілік орталығы — Жезқазған қаласы. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Ұлытау облысының әкімдігі Үкіметпен бірлесіп, Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірледі. Бұл кешенді даму жоспарда облысымыздың барлық саласын дамыту қамтылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Реформалар мақсаты – халықтың өмірін жақсарту», — деген болатын. Бұл жайында еліміздің Президенті 2023 жылдың 20-сәуір күні Үкімет отырысында Қазақстан халқының өмір сүру сапасын жақсартуда жағдайларды қамту сипаты мен еңбек шарты, білім деңгейі, тұрғын үймен қамтылу, әлеуметтік қорғау жүйесі және тағы да басқалар кіретінін айтқан болатын. Бұл бағытта ауданымызда бірқатар жұмыстар ұйымдастырылып, үлкен еңбектің арқасында әлеуметтік-экономикалық даму процесі жақсы жетістіктерге жетіп, үлкен мақтанышпен айтарлықтай деңгейде даму үстінде. Бұл ретте өз кәсібін ашуда мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант, ШОБ дамыту үшін әр түрлі қолжетімді бағдарламалар, денсаулық саласына қажетті емхана, дене шынықтыру кешендерінің салынуы, жаңа мектеп пен бала бақшалардың ашылуы, жаңа көп пәтерлі үйлердің салынуы, «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жас отбасылардың баспаналы болуы – мемлекет басшысының жаңа саяси реформасының тиімділігі деп санаймын.
Демек, адам өмірі мен оның қоғамдағы роліне мемлекет бейжай қарай алмайды. Жыл сайын бағдарламалар жаңарып, инновациялық технологиялар іске қосылып, еліміз даму үстінде.
Дана бабаларымыз айтқандай: «Әр азаматтың қонар бақыты – бірлікте, байлығы – терең еңбекте», — демекші сәні мен салтанаты жарасқан, заманауи тұрғыда дамыған елде өмір сүру үшін, әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет. Ол әрине қажырлы еңбек пен білімді қажет етеді. Осы екеуіне қол жеткізу үшін біздің елде барлық мүмкіндік қарастырылған. Елімізде дамудың жаңа дәуіріне қадам басып, түбегейлі бетбұрысқа жол ашқан ауқымды өзгерістер – халықтың болашаққа деген сенімін арттырары сөзсіз.

З.Такауиева,
мәдениет және тілдерді дамыту
бөлімінің бас маманы.