Елдегі эпидахуал күрделі ал, ауданда жағдай қалай?

Еліміздің кейбір өңірлерінде коронавирус инфекциясына қатысты эпидемиологиялық ахуал күрделене бастады. Алматы қаласы 4 шілдеден бастап «сары» аймаққа өтті. Өңірде КВИ жұқтыру дерегінің күрт өсуіне байланысты Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы арнайы қаулы шығарып, жабық нысандарда бетперделік режим енгізді. Ал, жарты жылдан бері «жасыл» аймақта отырған Ұлытау өңірінің ахуал қалай?

Осы сауалға жауап іздеп, Ұлытау аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы Ерлан ТАНАБАЕВҚА хабарласқан едік. Ауданның бас санитар дəрігерінің айтуынша, өңірде жағдай тұрақты екен. Алаңдауға негіз болатын белгілер байқала қоймаған. Əрине, тəубе дедік…

ЕКПЕ АЛУ ЖАЛҒАСАДЫ

– Індеттің алдын алудың ең тиімді жолы вакцинация екенін уақыттың өзі дəлелдеді. Дер кезінде алынған вакцина – дерттің таралып кетпеуіне бірден-бір себеп. Алайда, белгілі бір уақыт өткеннен кейін екпенің күші əлсірей бастайды, сондықтан, уақытылы ревакцинациядан өту маңызды. Еліміздің барлық аймақтарындағы сияқты Ұлытау өңірінде де вакцинациялау, ревакцинациялау жəне қайта ревакцинациялау мəселесі тұр. Бұл үшін бізде Қазақстанда қолдануға рұқсат етілген «QazVac», «Vero Cell», «Комирнати» (Phizer, АҚШ) вакциналары бар. Мысалы, қазіргі уақытта қолымызда 600 доза «QazVac», 45 доза «Vero Cell», 60 доза «Phizer» вакциналары тұр. Вакцинациялау алдын ала ақпараттандырылған жазбаша келісіммен, ерікті түрде жəне тегін жүргізіледі, – деді Ерлан Танабаев бізбен əңгімесінде.

Басқарма басшысының айтуынша, екпе алу ең əуелі мұғалімдер мен полиция қызметкерлерінің, медицина саласы мен мемлекеттік қызметкерлер арасында жүргізілмек.

505 АДАМ 4 МƏРТЕ ЕКПЕ АЛДЫ

Міне, екі аптаның мұғдары болды, еліміздің кейбір аймақтарында коронавирус инфекциясы қайта тарап жатыр. Əр аймақтағы ахуал əртүрлі. Алайда, вирус кеңінен тарап кетпеу үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтап, екпе алу арқылы ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет. Бұл Ұлытау өңірінің тұрғындарына да қатысты. Бүгінде өңірде екпе алудың 4-кезеңі басталды. Алғашқы екі кезең толық орындалып, екпе алуы тиіс тұрғындар толығымен қамтылған болатын. 5 шілдеге дейін ревакцинацияның үшінші кезеңі жүрді. Енді міне, аудан бойынша 505 адам 4-мəрте екпе алып үлгерді.

Бүгінде ауданда 72 процент ұжымдық иммунитет қалыптасқан деп айтуға болады. Алайда, оны белгілі межеде сақтап тұру үшін ревакцинациядан өту маңызды, – дейді Ерлан Танабаев.

Мамандардың пайымдауынша, бүгінде коронавирус инфекциясына шалдыққандардың дені – екпе алмағандар. Сондай-ақ, алған екпелерінің мерзімі өткендер. Сондықтан əр адам алты ай сайын екпе салдырып тұру керек екен. Себебі, алты айдан асқан соң, екпенің вирусқа қарсы күші, тиімділігі азаяды.

САҚТАНСАҢ, САУ БОЛАСЫҢ

Бүгінде коронавирустың алдын алу мақсатында Ұлытау ауданында тиісті сала мамандарының қатысуымен арнайы іс-шара жоспары бекітілген. Ол жерде тек емдеу мекемелерінде төсек-орындар ұйымдастыру ғана емес, дəрі-дəрмек қорын жасақтау, алдын алу сынды өзекті мəселелер қамтылған. Мəселен, ауданда арнайы жабдықталған аурухана эпиджағдай ушыққан кезде көмек көрсетуге əзір. Онда дəрі-дəрмектер жеткілікті. Мамандар да арнайы курстардан өтіп, біліктіліктерін шыңдаған.

«Өңірдегі эпидахуалды ушықтырмау үшін аудан тұрғындары сақтық шараларына аса мəн берулері керек. Түсінеміз, қазір жаз уақыты. Бəріміздің ел көргіміз, жер көргіміз келеді. Сондай жағдайда дерт асқынған аймақтардан мейлінше алшақ болған жөн. Көпшілік орындарда бетперде тағу, антисептик пайдалану, санитарлық талаптарды сақтау сияқты қарапайым тəсілдерді қатты ұстанған жөн, – дейді басқарма басшысы.

P.S. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, пандемия басталғалы елімізде 1 млн. 312 мың 294 тұрғын коронавируспен ауырған. Ал, соңғы тəуліктерде Қазақстанда инфекция жұқтырудың 1 104 жағдайы тіркелген. Оның ішінде: Нұр-Сұлтан қаласында – 328, Алматы қаласында – 350, Шымкент қаласында – 102, Ақмола облысында – 14, Ақтөбе облысында – 10, Алматы облысында – 88, Атырау облысында – 18, Шығыс Қазақстан облысында – 13, Жамбыл облысында – 40, Батыс Қазақстан облысында – 11, Қарағанды облысында – 58, Қостанай облысында – 15, Қызылорда облысында – 16, Маңғыстау облысында – 12, Павлодар облысында – 10, Солтүстік Қазақстан облысында – 10, Түркістан облысында – 9 адам індет жұқтырған. Мамандар елдегі эпидахуалды тұрақтандыру үшін тұрғындарды екпе алып, ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға шақырып отыр.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ