Елбасына – ел құрметі

Қазақ Елінің Тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасып, дамуы, еңселі ел атануы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұлғасымен, 1991 жылғы Тәуелсіздік алу жайлы Конституциялық Заңымен тығыз байланысты. Дәл, осы жылы 1 желтоқсанда Қазақстанның Тұңғыш Президенті сайланды. Содан бастап Қазақстанның жаңа тарихы Елбасы есімімен қатар өрледі.

Елімізде Тұңғыш Президент күні – Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығында 2011 жылы ресми мереке ретінде бекітілді. 2012 жылдан бастап, мерекені тойлау дәстүрге айналды. Биылда ұлытаулықтар Тұңғыш Президент күнін аудандық мәдениет үйінде атап өтті.

Алғашқы кезекте, жиынға қатысушылар мәдениет үйінің фойесінде «Елін сүйген – Елбасы» тақырыбында ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Көрмеге Елбасының өнегесі мол өткен жолынан дерек беретін кітаптармен, байқоңырлық азамат Марат Ашубаевтың Тұңғыш Президент туралы жинақтаған фотосуреттері қойылды. Оған аудандық кітапхана қызметкері Бақытгүл Бейбітова библиографиялық шолу жасады.

Мәні мен салмағы келіскен шара аудан әкімі Советбек Медебаевтың құттықтау сөзімен ашылды. Әкім өз кезегінде бұл мереке Елбасыға халықтың көрсеткен құрметі екендігін атап өтті. Бұдан кейін салтанатты шара марапаттау рәсіміне ұласты. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қарашадағы №684 Жарлығына сәйкес «Алтын алқа» белгісімен Құндызай Жұбанышева, Бекзада Консалдинова, «Күміс алқа» белгісімен Динара Тұңғышбаева, Маржан Күтеева марапатталды. Аудан әкімі мен аудандық мәслихат хатшысының Құрмет грамотасына – Ұлытау ауданының прокуроры Қанат Тәттекенов, аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Рахат Ниязов, ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ұлытау аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Мереке Нұрмағанбетова, аудандық көпсалалы коммуналдық шаруашылық мекемесінің көлік жүргізушісі Арыстанбай Төлешов иеленді. Алғыс хатына – аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Ғабит Дәуітбаев, аудандық көпсалалы коммуналдық мекемесінің қызметкері Данабек Нұғманов, аудандық білім бөлімінің бас есепшісінің орынбасары Зура Молдыбаева ие болды. Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу ұйымдары және мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің «Елеулі еңбегі үшін» медалімен «Қаражорғин» шаруа қожалығының иегері Балғабек Қаражорғин, аудандық мәдениет үйінің әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Гауһар Әбілдина марапатталды.

Салтанатты жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Концертті Байқоңыр ауылының «Бұланты сазы» фольклорлық ансамблі Абай Құнанбаевтың «Желсіз түнде жарық-ай» әнімен ашты. Бұдан кейін ансамбль мүшелері Алтай қазақтарының «Балапан қаз» атты халық әнін орындады. Осы тұста көрерменнің бар зейіні сахнадағы өнерпаздардың өнерін тамашалауға ауды. Тағы бір шоқтығы биік туындыны аудандық мәдениет үйінің әншілері Елман Зәйни, Жолдасбек Рашит, Нұржан Сүйінбаев орындады. Бұл «Батырлар ұраны» әні. Әншілердің асқақ үні, мөлдір дауысы тыңдарман жүрегін баурап, патриоттық сезімін оята түсті. Көрермен ыстық ықыласын мұштап жатқанда ортаға Әйгерім Әубәкірова шықты. Ол «Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек» әнін орындап, мереке көрігін қыздыра түсті. «Шаттық» бишілер тобы да өнер көрсетті. Оларда әсем қимылымен, мәнерімен көрермен көзайымына айналды. Концерт  жергілікті өнерпаздардың балалармен қосыла шырқаған «Ұлытау» әнімен жабылды.

Жалпы, айтқанда сол күнгі шара бойымызға ерекше рух сыйлады. Ән қанаты көңілімізде қалықтады. Мереке аясында Елбасының бүгінгі күнге дейінгі жетістіктері түзіліп, жаңа белеске қадам басқан мемлекетіміздің даму жолдары айшықталды. Елбасына арнап, жыр үзінділері де оқылды.

Қысқаша түйгенде, Тұңғыш Президент күні Елбасының мәртебесін асқақтатып, айшықты әлемін әспеттей түсті.

Қайрат ЖҰМАБАЙ