Елбасымен кездескендер

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытау өңіріне келген сапарлары барысында Елбасын жүзбе-жүз көріп, оның алдында cөз сөйлеген өңірдің қадірлі ақсақалдары мен еңбек адамдары аз емес. Орайлы сәтте біз сондай жандарды әңгімеге тартқан едік.

Файзолла ӘЖІБЕК, Жезді кентінің тұрғыны, еңбек ардагері:

– Бұл 1994 жылдың қоңыр күзі еді. Ол кезде мен Жезді ауданы әкімінің өнеркәсіп және құрылыс мәселелері жөніндегі орынбасары едім. Сол кездегі облыс орталығы Жезқазған қаласына Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен келеді деген хабар жетті. Өңір дайындық қамында жүрген. Елбасының келуіне бір аптадай уақыт қалғанда сапар жоспарына өзгеріс енгені, Нұрсұлтан Әбішұлы Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі мұражайына келетіні белгілі болды. Аталмыш мұражай республикадағы балқыту ісі бойынша тырнақалды мұражай еді. Ол Мәкен Төрегелдиннің шынайы қамқорлығымен, белгілі қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың тікелей қолдауымен құрылған болатын. Ашылғанына да көп уақыт өте қоймап еді. Осы мұражайды Елбасы өз көзімен көрмек.

Уақыт тым тығыз еді. Сол кездегі аудан әкімі Ереже Шолановтың пәрменімен арнайы комиссия құрылды. Қызу дайындық басталды. Мәкен ағаның жинақтаған жәдігерлерін көрмеге қойғандай етіп дайындадық. Қарсақбай металлургия заводы жұмыскерлерінің көмегімен ежелгі адамдардың метал балқытқан пешінің үлгісін дайындадық. Осы пешке қарапайым көрік арқылы оттегін беріп, мыс қоспалары бар руданы балқытып, таза мыс алу үшін тәжірибе жасап, оны пысықтадық…

Ел Президенті Жездіге түс ауа келді. Жоспарға сай мұражайдағы ашық аспан астындағы жәдігерлерді аралап көрді. Мәкен Төрегелдин әр жәдігердің тарихын тәптіштеп түсіндіріп отырды. Кезек ежелгі заманғы мыс балқыту алаңына келді. Дәл осы жерде әлгінде айтқан пеш орнатылған еді. Пештің қасына келген Мәкен аға:

– Нұреке, ежелгі ата-бабаларымыздың әдісімен мыс балқымасын алуға қалай қарайсыз?, – деді Елбасына жымия қарап.

– Ондай үлкен құрметтен бас тартпаймыз. Көрейік, – деді Президент те бірден келісім беріп.

Нұрсұлтан Әбішұлы пеште, арнайы ыдыста балқытылып жатқан мысты асықпай, еппен алып шығып, алдын ала балшықтан құйылып, қатырылып қойған қалыпқа сыздықтатып құя бастады. Балқыма әп сәтте суып, әп-әдемі мыс балтаға айналды. Тұңғыш Президент өз қолымен құйған сол мыс балта осы күні мұражайдағы құнды жәдігерлер қатарында тұр.

Сол жолы Елбасы елмен де емен жарқын әңгімелесті. Мемлекет басшысының Жездіге келгенін естіген кент тұрғындары мұражай алдына тайлы-тұяғымен жиналып тұрған болатын. Соны байқаған Елбасы қасындағы облыс әкімі Қажымұрат Нағмановқа қарап:

– Жүр, елмен амандасайық, – деп алға түсті.

Жезділіктер Президентті қол шапалақтап, құрметпен қарсы алды.

– Қалдарыңыз қалай? – деп сұрады Нұрсұлтан Әбішұлы амандықтан соң.

– Жақсы, – деп шу етті ел.

– Қандай бұйымтайларыңыз бар? – деді сосын Елбасы. Осы кезде соғыс және еңбек ардагері Алпысбай Құлжанов ақсақал көпшілік ішінен алға шығып:

– Нұрсұлтан інім, өндірісіміз тоқтап қалды. Ел қалаға үдере көшіп жатыр. Не істейміз? – деді.

– Ақсақал, алаңдамаңыз. Мына қиындықтардан өткен соң өндіріс те орнына келеді. Әлі-ақ сол өндірісте жұмыс істейтін мамандар іздейтін боламыз, – деді Елбасы Алпысбай ақсақалдың қолын алып тұрып.

…Тұңғыш Президенттің көріпкелдікпен айтқан сол сөзі бүгінде шындыққа айналды. Міне, екі жыл болды «Нерис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндірісті қолына алып, кенттің 80 тұрғыны осы жерде еңбек етіп жатыр. Елдің келешекке деген сенімі де зор.

Рақыш ЫДЫРЫСОВА, мемлекеттік қызмет саласының ардагері:

– Менің еншіме Елбасымен екі рет кездесу бақыты бұйырды. Нұрсұлтан Әбішұлымен екінші рет кездесудің сәті 1997 жылдың 19-21 мамыры күндері Алматы қаласында түсті. Жезқазған облысының дарынды оқушыларын Президентпен кездесуге бастап апардым. Республика бойынша 200-ге жуық дарынды оқушы жиналды. Ертіп апарған оқушыларым Рүстем Медетов (математика пәні бойынша Халықаралық Олимпиадада Алтын медаль иеленген), Әнуар Битенов (физика пәнінен Халықаралық Олимпиада жүлдегері) екеуі де Жезқазғандағы қазақ-түрік лицейінің 11-сыныбын бітіріп жатқан түлектер болатын. Қалған үш оқушы Балқаш, Сәтбаев қалалары мен Ақадыр ауданынан еді.

Дарынды балалардың Президентпен кездесуі өте тамаша ұйымдастырылып, сәтті өтті. Көптеген қоғам қайраткерлері, өнер саңлақтары, спортшылар, ақын-жазушылар қатысып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген дарынды оқушылармен дастархандас болды. Елбасымен суретке түсіп, ашық-жарқын әңгіме дүкен құрған балалар көкейінде жүрген сауалдарын қойып, жауаптар алды. Жезқазғаннан барған Рүстем Медетовтың қойған сұрақтарына Нұрсұлтан Әбішұлы өте риза болды.

Бұл менің Президентпен 1992 жылы Ұлытауда жақын жүздесіп, Хан Ордасы мен үш жүздің бірлігін бейнелейтін Белгітас қойылған төбеде өткен жиыннан кейінгі (ол кезде мен Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болатынмын) кездесуім еді. Көптің арасында тұрған мені Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бірден танып, амандасып: «Ұлытау қалай?» деп сұрағаны мені қатты қуантты. Қанша ел аралап жүрсе де ұлытаулықтарды ұмытпай, азаматтарын жазбай танып, хал-жағдайын сұрағанына ризашылық сезіммен жауап бердім.

Тарихи мағынасы зор осы екі кездесу мен үшін өмірімдегі ұмытылмас оқиға еді. Қиынқыстау кезеңде ұлттың рухын көтеру, еңсесін тіктеу үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қыруар іс жасады. Әрқайсысы – бір тарих.

Ұлытаудан алған батасы қабыл болып, елін өрге сүйреген Елбасының қызметіне табыс, Отанымызға тыныштық тілеймін.

Жазып алған Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.