Ел мерейін асырар еңселі нысан

Қоскөл ауылына кіреберісте ауылдың аты айқын көрінетін, сәулеті келіскен сәнді арка орнатылды. Бұл — елді мекеннің 50 жылдық мерейтойы мен Республика күні мерекесіне орай жүзеге асқан ерекше тарту.

Жаңа арка ауылға кірген сәттен-ақ көз тартады. Күндіз алыстан жарқырап, түнгі уақытта жарық шамдарымен айналаны нұрға бөлейді. Арканың жобалық-сметалық құжаттамасы аудан әкімдігі тарапынан әзірленіп, құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде сапалы аяқталды. Нысанға аудан бюджеті есебінен қаржы бөлінді.
Ауыл тұрғындары үшін бұл арканың орны бөлек. «Арка — тек сәулеттік элемент емес, ауылымыздың тарихы мен бүгінгі еңсесін айшықтайтын нышан. Бұл – елді мекенге деген құрметтің, тұрғындардың бірлігінің көрінісі», – дейді ауыл ақсақалдары.
Қоскөл ауылы қашанда ынтымағы жарасқан, еңбекқор жұрттың мекені саналады. Соңғы жылдары ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымы жаңарып, көшелерге жарық орнатылып, жолдар жөнделді. Жаңа нысандар бой көтеріп, ауылдың ажары айшықтала түсті.

Аудан орталығынан шалғай орналасқанына қарамастан, Қоскөл бүгінде дамудың жаңа белесіне көтеріліп келеді. Ауылға көшуге ниет білдірушілердің де қатары артып, елді мекеннің болашағына деген сенім нығая түсті.
Ауылдың жарты ғасырлық тарихымен үндес келген бұл арка — Қоскөлдің келбетін айшықтап қана қоймай, өткен мен бүгіннің арасын жалғайтын белгі іспетті.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.