Екпе алу тиімді ме?
Коронавирус инфекциясын тоқтатудың жалғыз жолы — екпе алу. Тұрғындар вакцинациядан толық өткенде ғана қауіпті індеттің алдын алуға болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қарағанды облысының бас санитарлық дәрігері Юрий Залыгин мәлімдеді.
– ДДСҰ мәліметтеріне сай, вакциналар коронавирустық инфекцияға қарсы тұрудың тиімді әдісі болып қала береді. Әрине, бұл нәтижеге вакцинация курсын толық алғанда ғана қолжеткіземіз. Қолданыстағы КВИ вакциналарының барлығы тиімді, әрі аурудан қорғайды. Олар аурудың асқынуы мен өлімнің алдын алуға көмектеседі, – деген Юрий Залыгин облыс тұрғындарын екпе алуға және жақындарына жанашыр болуға шақырды.
Оның хабарлауынша, аймақта індет жұқтыру 23,6%-ға өскен. Мәселен, 30 маусымдағы эпидемиологиялық жағдай бойынша коронавирустық инфекцияның жұқтырудың 38 039 жағдайы тіркелді. Олардың басым көпшілігі Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Шахтинск, Саран қалаларында және Ақтоғай, Жаңаарқа, Абай аудандарының тұрғындары.