Экологтар ауылға келді
ҚР Парламентінің депутаты Арман ҚОЖАХМЕТ Мәжілістің кеңейтілген отырысында Үкімет басшысына Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын экологиялық дағдарыс жағдайына дейінгі аумақтар қатарына енгізу қажеттігін айтып, сауал жолдаған еді. Депутат өз сөзінде аталған өңір Байқоңыр ғарыш айлағына іргелес жатқандықтан, қатерлі ісік ауруына шалдыққандар саны артқанын негізге алған болатын.
Осы әңгімеден кейін құзырлы орындарда қозғалыс басталған сыңайлы. Өткен аптада Аманкелді ауылдық округіне «Ғарыш-экология» ғылыми-зерттеу орталығы медициналық бағдарламалар бөлімінің басшысы Мейрам Әмрин бастаған Аэроғарыш комитетінің өкілдері келді.
– Парламент Мәжілісі депутатының Байқоңыр ғарыш айлағы қызметі салдарынан тұрғындарға қауіп төніп тұрғанына алаңдаушылық білдіруінің нәтижесінде экологтар елге келіп, жағдаймен етене таныса бастады. Оның нәтижесін уақыт көрсетер. Бізді Үкіметтің елдегі экологиялық ахуалға назар аударғаны қуантып отыр, – дейді ауыл әкімі Ноян Жеңсікбаев.
Ноян Мұңайтпасұлының айтуынша, экологтар ауылдық округтің төрт аумағында жер қыртысы мен судан сынамалар алыпты. Сондай-ақ, Нөгербек дарасы, Айбас, Бақатас, Қорғантас, Тоқсейіт, Кененбай, Шаухар, Ақпанбет, Әділбай және Усабай елді мекендеріндегі 93 тұрғыннан сауалнама алған.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
АМАНКЕЛДІ ауылы.