Экология министрі «АрселорМиттал Теміртаудың» шығарындыларды 30%-ға төмендету бойынша экологиялық стратегиясымен танысты
ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен Теміртауда болып қайтты. Сапар аясында ведомство басшысы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның 2025 жылға дейін қоршаған ортаға шығарындыларды 30%-ға төмендетуге қол жеткізу жөніндегі экологиялық стратегиясымен танысты. Министр өткен бірлескен кеңестің қорытындылары туралы өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды.
«Жұмыс сапарымен Теміртауға келдім. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның 2025 жылға дейін қоршаған ортаға шығарындыларды 30%-ға төмендетуге қол жеткізу жөніндегі жоспарларымен таныстық. Табиғат қорғау іс-шаралары бойынша мерзімдерді қысқарту мүмкіндігін бірлесіп пысықтауға және сол арқылы шығарындыларды азайту жөніндегі жоспарды іске асыруды 2025 жылдан 2024 жылға ауыстыруға уағдаластық. Шығарындыларды азайтудың жаңа стратегиясына сәйкес зауыт балама экологиялық шаралар қабылдайды. Алдағы бес жыл ішінде қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға кемінде 380 млн АҚШ доллары инвестицияланады», — деп жазды Мағзұм Мырзағалиев.
Министрдің айтуынша, компанияның шығарындыларды азайту жөніндегі қызметі министрліктің бақылауында болады.
«Бұл шаралар шығарындыларды азайту жөніндегі бірлескен меморандум аясындағы жұмыстың жалғасы болып табылады. Теміртау экологиясы – маңызды және басым мәселе. Сондықтан шығарындыларды азайту жөніндегі жұмыс біздің қатаң бақылауымызда болады. Жергілікті белсенділер де жағдайды өз бақылауына алады. Компания басшылығы жұртшылық өкілдерімен тоқсан сайын кездесулер өткізетін болады», — деп атап өтті Экология министрлігінің басшысы Twitter-де.
Естеріңізге сала кетейік, Мырзағалиев ағымдағы жылдың ақпан айында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның атмосфераға ластаушы заттардың рұқсат етілген нормаларынан асып кетуімен байланысты жағдайдан кейін компания басшылығының алдына шығарындылар көлемін таяудағы 4 жылда кемінде 30%-ға төмендете отырып, өндірісті толық қайта құру және жаңғырту туралы шарт қойған болатын.
ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша