Екі жағдай тіркелді
Елде эпидемиялық ахуал күрделене бастады. Қызыл аймақтағылардың қатары қайра өсе түскен сыңайлы. Тіпті, жасыл аймақта жүрген біздің облыс сары аймаққа кіріпті. Осыған байланысты өңірде сақтық шараларын күшейтуге талап қойылып жатыр. Ол орынды да. Арқан сәл босаса арқаны кеңге салатынымыз жасырын емес. «Қой» десе өршелене түсетініміз тағы рас. Жасырынып той-томалақ, құдайы ас беріп аурудың таралуына жол беріп отыр екенбіз. Бұл мамандардың пікірі. Оны да жоққа шығара алмаймыз.
Алысқа бармай-ақ, өз ауданымызда эпидахуалдың ушыға бастағаны байқалып отыр. Аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Танабаевтың айтуынша, 21 қаңтардағы жағдай бойынша ауданда коронавирус инфекциясын жұқтырған екі адам ауруханаға жатқызылған.
– Олар қазір Жезқазған қаласындағы модульдық орталықта ем алып жатыр. Сырқаттардың бірі – 9 айлық бала. Ал, екіншісі ересек адам, Қоскөл ауылының тұрғыны. Олармен байланыста болды деген 5 адам оқшауландырылып, үйлерінде ем алып жатыр, – дейді ауданның бас санитар дәрігері.
Ерлан Танабаев індеп келе жатқан індеттен сақтанудың жолы шектеу талаптары мен сақтық шараларын қатаң сақтау екенін де елдің есіне салып отыр.
– Іргеміздегі Жезқазған қаласында эпидемиялық жағдай күрделеніп келеді. Сондықтан, әрбір азамат, ауданның әрбір тұрғыны сақтық шараларын қатаң сақтағандары жөн. Әсіресе, Жезқазған қаласына бейсауат баруды, той-томалақ, құдайы ас беруді тоқтатқанымыз жөн. Өзіміздің және жақындарымыздың амандығы үшін. Жаратушының өзі «Сақтансаң сақтаймын» демей ме. Ендеше, шектеу талаптарына түсіністікпен қарайық. Көпшілік орындарға, дүкендерге барғанда бетперде тағуды ұмытпайық. Әлеуметтік арақашықтықты сақтайық. Таза ауада тыныстап, өкпеге демалу жаттығуларын жасауды да әдетке айналдырайық, – дейді басқарма басшысы.
Орайы келгенде айта кетейік, аудан орталығында коронавирус инфекциясына шалдыққан адамдарды емдеу үшін 25 орындық арнайы аурухана жабдықталған. Әзірге ол бос тұр. Мұнда сырқаттар індет өршіп, көбейген кезде ғана жатқызылмақ. Ал, әзірге инфекция жұқтырғандар Жезқазған қаласындағы жаңадан ашылған модульдік орталықта ем алып жатыр.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ