Екі ауылда ФАП салынады
Ауданымыздың Қаракеңгір жəне Сарысу ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттің (ФАП) құрылысы басталды. Осылайша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ шалғай ауылдарда медициналық қызметтің қолжетімді болуына жағдай жасап, оның жұмысын жандандыру бағытындағы тапсырмалары іс жүзіне асырыла бастағандай…
Бүгінгі таңда бір ауысымда 25 адамға қызмет көрсететін жаңа ФАП-тың ғимараты Қаракеңгір ауылында салынып жатыр. Мердігері – «ГрандСтройСервис» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл нысанның салынуына 108 млн. теңге қаражат бөлінген. Осындай нысанның құрылысы жақын арада Сарысу ауылында да басталмақ.
– Биылғы жылы ауылымызға шағын фельдшерлік пункттің құрылысы басталды. Жаңа ғимарат халықтың игілігіне пайдалануға ыңғайлы, əрі шағын. Бұрынғы ескі үлкен аурухана тиімсіз, жылытуға көп отын кететін. Аталмыш ғимарат сапалы салынып, халықтың игілігіне берілсе, тұрғындардың қуаныштары еселенер еді. Адамзат баласына ең басты керегі денсаулық. Болашақта ақ халатты абзал жандар жаңа ғимаратта сапалы кызмет көрсетеді деген сенімдеміз, – деді Қаракеңгір ауылының тұрғыны, зейнеткер Сарқытбек Смағұлов.
– Президент ҚасымЖомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында еліміздің медицина саласына да баса назар аударып, оның ішінде ауыл тұрғындарының мəселелерін шешуді атап өтті. Облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлының Ұлытау өңірінің əлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған 240-тан астам іс-шарасының ішінде əлеуметтік жəне өңдірістік инфрақұрылымды шешу мəселелері де жоспарланған. Соның ішінде Сарысу ауылының орталығында бір уақытта санитарық — медициналық көмекке қол жеткізу мақсатында 25 адам қабылдайтын фельдшерлік-акушерлік пункт салынатын болады. Жағымды жаңалықты ауыл тұрғындары қуана қарсы алып, билік басындағы азаматтарға, аудан басшылығына өз алғыстарын білдіруде, – дейді Сарысу ауылының тұрғыны, зейнеткер Г.Нысанбаева.
Алдағы уақытта дəл осындай медициналық нысандар ауданымыздағы басқа да ауылдарда да салынады деп күтілуде.
Жасұлан АЯШЕВ