Егер екпе алмасаңыз…
Айжан СӘРСЕНХАН, медицина ғылымдарының докторы, эпидемиолог:
«Қазақстандық вакцинаның тиімділігі зор»
– Вакцина әлемдік ахуалдың асқынуына байланысты тез дайындалды. Сөйте тұра, медициналық сынақ нәтижесінде залалсыз екені анықталды. Яғни, қандай да бір аллергиялық аурулары болмаса, вакцинаның салдарынан адамның өміріне қауіп төнуі неғайбыл. Өз басым эпидемиолог ретінде Қазақстандағы вакцинаның тиімділігі зор деп баға берер едім. Қарапайым тілмен айтсақ, 6 ай бойы вакцина алған адамда антиденелер көптеп қалыптасады. 7 айда олардың саны азая бастайды. Сондықтан халыққа вакцина 2 компонентті болып ұсынылды. Оның 2 компонентін де қабылдаған адамның коронавирусқа шалдығу ықтималдылығы – 20% ғана.
* * *
Маржан БЕРДІҚҰЛОВА, Ұлытау аудандық орталық ауруханасының терапевт-дәрігері:
«Тұрғындар вакцинаның маңыздылығын түсінбей жатыр»
– Қазіргі таңда ауданда «Спутник-V» бірінші компонентті вакцинасын 805 адам, екінші компонентін 372 адам қабылдады.
Маман ретіндегі кеңесім: коронавирустың клиникалық белгілері байқалған жағдайда дереу жедел жәрдемге хабарласып, немесе учаскелік дәрігерге қаралу керек. Вирус неғұрлым ерте анықталса, реанимацияға түсу, түрлі асқынулардың орын алуы секілді дүниелер болмайды.
Вирус уақыт өте келе мутацияға ұшырап отырады. Соның салдарынан ауру белгілері түрліше байқалады. Ондай кезде науқас індетке шалдықтым деп ойламауы әбден мүмкін. Әсіресе, бұрындары науқастың өкпесі, жүрегі зақымдалатын болса, қазір бүйрегі, бауыры секілді жасырын аурулардың клиникалары көрініс тауып жатыр. Соның салдарынан, науқас тұрмақ, дәрігерлер де шатасуы мүмкін.
Санитарлық ахуалдың жұмсаруына байланысты коронавирустың үшінші толқыны басталып кету ықтималдылығы зор. Сондықтан дерт дегбірімізді қашырмауы үшін екпе қабылдаған жөн. Тұрғындар әлі де вакцинаның маңыздылығын түсіне қойған жоқ. Халықтың денсаулығы үшін екпе жоғары деңгейде жарнамалануы керек. Мәселен, Алматыда ұялы телефон, қаржылай сыйлықтар беріп, вакцина алуға ынталандыруда. Бұл – дұрыс шешім. Себебі, адамдарды екпе тұрмақ, қарапайым флюрографияға түсуге шақыра алмай жатамыз.
Өз басым вакцина ектірдім. Ата-әжемнен бөлек, отбасымның мүшелері де екпе қабылдады. Бұл індеттен үй жағдайында емделуге болмайды. Себебі, коронавирус – басқа ауруларға ұқсамайды, емі де өзгеше. Мысалы, коронавируспен сырқаттанған науқасқа антибиотиктер керек емес. Вирусқа қарсы дәрілерді дәрігердің тағайындауымен ғана қолданған жөн. Дәрігер науқастың қанын тексеріп отыруы тиіс. Ал, үйде емделген науқас мұны білмейтіні сөзсіз. Жуырда 30 жастағы қыз бала тек терафлю ішіп, өзін емдемек болып жүргенде қайтыс болып кетті. Сондықтан, вакцина – аурудан сақтанудың ең тиімді жолы.