ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ ДЕҢГЕЙІНІҢ КӨТЕРІЛУІ – азаматтардың табысына оң әсерін тигізуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өзінің кезекті бір Жолдауында ең төменгі жалақы мөлшері 2018 жылдан бері өспегенін жəне қазіргі уақытта «оның деңгейін қайта қарайтын кез келгенін» айта келіп, «Қазақстан ең төменгі жалақы деңгейі бойынша ТМД-ның бірқатар елдерінен артта қалып қойды. Сондықтан, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл шара бір миллионнан астам адамға тікелей, ал бүкіл еңбеккерлерге жанама əсер етеді», – деген еді. Ал, өткен жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы ең төменгі жалақы деңгейін 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін көтеруге тапсырма берді.

Ең төменгі жалақы мөлшерін көбейту ішкі тұтынуды өсіріп, экономикаға оң əсер етеді. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл Ішкі жалпы өнімді 1,5 пайызға арттырады.

Жалпы, Қазақстанда күнкөріс минимумы мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері инфляцияға қарай, жыл сайын көтеріліп тұрады. Əйтсе де, 2018 жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері көтерілген жоқ. ҚР Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігі түсіндіргендей, ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіштің артуы мемлекеттік бюджеттен зейнетақы мен жəрдемақы алатын 5,1 миллион адам табысының өсуіне əкелді, ал ең төменгі жалақының өсуі экономиканың барлық салаларында жұмыс істейтін 1,8 миллион адам табысының өсуін қамтамасыз етті.

Еңбек Кодексіне сəйкес жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге міндетті болады. Бұл шара əртүрлі меншік нысанындағы кəсіпорындардың барлық салаларында жұмыс істейтін 1,8 млн адамның ақшалай табыстарының өсуіне алып келеді. Бірінші кезекте ЕТЖ көтерілуі жалақысы төмен қызметкерлерге қатысты болады. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер де қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайтын болады. Елде ең төменгі жалақының өсуі əлеуметтік төлемдердің көбеюіне де əсер етеді. Сарапшылар базалық мөлшерлеме жоғарылауы мүмкін деген болжам жасады.

Айна ƏБІЛОВА,

аудандық жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы.