Ең маңыздысы – халық сенімі

Дүйсенбі күні Ұлытау облыстық сотының төрағасы Қайрат АДРАНОВ жұмыс сапарымен Ұлытау ауданының орталығына келіп, аудан активімен кездесті. Облыстық сот төрағасымен бірлескен отырысқа аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ, аудандық мəслихаттың хатшысы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ, аудан прокуроры Рахымжан РАХАТОВ Ұлытау аудандық сотының төрағасы міндетін атқарушы Дəурен ИБРАЕВ, аудандық полиция бөлімінің басшысы Руслан ДІЛМҰХАМЕДОВ жəне аудан əкімінің орынбасарлары, еңбек ардагерлері, қоғамдық кеңес мүшелері, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Жұртшылықпен жүздесу барысында облыстық сот төрағасы – халыққа құқықтық көмек көрсету, азаматтардың сотқа деген сенімін арттыру бағытында кеңірек əңгіме қозғады.

Сот төрағасы құқықтық реформаны сөз еткенде, дауларды шешудің баламалы əдістерінің дамып жатқандығын, сот ісін жүргізуге жаңа технологиялардың енгізіліп отырғандығын ерекше атап өтті. Олардың сот төрелігіне еркін қолжетімділікті қамтамасыз етуге жəне соттардың тəуелсіздігін халықаралық стандарттарға сай нығайтуға бағытталғанын айтты. Осыған сəйкес, сот жүйесін одан əрі жаңғыртуға, еліміздегі демократиялық негізгі қағидаттардың орындалуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға негізделген заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, Ұлытау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Қанат Шайқамалов та бүгінгі сот жүйесінде жүргізіліп жатқан жұмыстарын тілге тиек етті.

– Қазіргі таңда елде сот реформасын жаңғырту жүріп жатыр. Өйткені, заң деген күрделі дүние. Құқықтық дегеніміз, реттелген қоғамдық өмір. Сот қоғаммен тығыз қарым-қатынаста болуы керек. Оның айғағы бүгінгі аудан активімен кездесу. Біз сіздерге жаңа қолданысқа енгізілген заңнамалардағы өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру мақсатында келіп отырмыз, – деді сот алқасының төрағасы.

Жиын барысында аудан прокуроры Рахымжан Рахатов, Ұлытау ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы, медиатор Есенғали Əбжамалов өз ұсыныстарын қосып, сот саласына қатысты ойпікірлерін ортаға салды. Олардың өтініштері облыстық сот тарапынан қанағаттандырылатын болды.

Кездесу соңында аудан əкімі Аманжол Мырзабеков облыстық сот төрағасы Қайрат Адрановқа аудан жұртшылығы атынан алғысын білдірді. Бұдан соң облыстық сот төрағасы аудан əкімдігінің ғимаратында «Ашық есік» күнін өткізді. Өңір азаматтарын жеке мəселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға қатысқан Сейтқасым Бекбауов, Жұмакүл Андағұлова, Мейірбек Бұзау, Амандық Байделдинов өз кезектерінде жер, тұрғын үй мəселесі, еңбек жалақысы жайында сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды. Олардың тарапынан қойылған сауалдарға қажетті түсініктемелер берілді. Тұрғындардың өтініші облыстық сот төрағасының назарына алынды.