Еңбекші қауым – мәртебелі тұлға

Елімізде 200-ден астам қоғамдық бірлестіктер болса, солардың бірі – Қазақстан Республкасының кәсіподақтары туралы Заңымен қолдау тауып отырған кәсіподақтар ұйымдары мен бірлестіктері. Мұндай ұйымдар әлемнің дамыған елдерінде негізгі еңбек адамдарының «арқасүйер» сүйеніші. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде «Кәсіподақтар туралы» Заң екінші рет 2014 жылы қайта қабылданған болатын. Осы заңның 6-тармақшасында «Кәсіптік одақ (кәсіподақ) Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек, өнеркәсіптік мүдделерінің ортақтығы негізінде өз тарапынан еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау үшін ерікті түрде құрылатын және тіркелетін мүшелігі бар қоғамдық бірлестік» деп көрсетілген.

Жалпы мемлекетімізде Үкімет тарапынан еңбекті Қазақстан Республикасының «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау» мүмкіндігін міндетіне алса, кәсіптік одақтар осы шараның еңбекшілер тарапынан қоғамдық негізде бақылау, ұсыныстар мен пікірлер білдіру арқылы күші бар Заң негізінде әрекет етеді. Негізгі басшылыққа алатын құжаттың бірі – «Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексі» (2015 жылы 23 қараша № 414- VKP3). Әрбір жұмыс беруші осы Кодексті бұлжытпай орындауға міндетті. Кәсіподақ ұйымдарының да басты назарында Кодекстің орындалуы болуы тиіс. Жоғарыда айтылған заңдардың іске асуына араласып, қолдау көрсету, пікір айтып, ұсыныстарын жасауға кәсіподақ ұйымдарына үлкен дербестік берілген. Негізгі күш бастауыш ұйымдарда екенін әрбір жұмыс беруші, жұмыскер, әрбір кәсіподақ мүшесі жақсы білуі тиіс және өз мүмкіндіктерін ұтымды пайдалана білсе екен деген ұстаныммен жұмыс жасаймыз.

Біздің ұйымның атауы «Қарағанды облысы ауылшаруашылығы, қайта өңдеу ұйымдары және мемлекеттік қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Ұлытау ауданы бойынша өкілдік. Өкілдіктің құрамында 700-дің үстінде кәсіподақ мүшесі, 30-дан астам бастауыш ұйымдар тіркелген. Бір комиссия отырысында: «Ауданда ауылшаруашылығына басшылық ететін кәсіпорын жоқ. Ауданның негізі экономикалық тірегі, міне, осындай. Яғни, ауданымыздағы 150 мыңның үстіндегі қой-ешкі, 50 мыңға жуық ірі қара, 40 мыңға тарта жылқы, 300 бас түйе бар. Оларға 250мың тонна мал азығын дайындау керек болса, 25 мың гектар жерге егін егіп, оны қайта өңдеп жатсақ, осы жұмыстарды жүргізуде 3,5-4 мыңдай адам еңбек етіп жүрсе (барлығы кәсіпкер), осы еңбеккерлердің денсаулығы үшін медициналық кәсіпорындар, балаларының білім алуы үшін білім беру орындары, мәдени қызмет көрсететін мәдениет ошақтары сияқты әр саладағы, тіпті аудан әкімдігінің өзі де міндетті» деген едім.

«Кәсіподақтар туралы» заңда бастауыш ұйымға үлкен кепілдіктер берілген. Мысалы, заңдағы 20-бапқа тоқталатын болсақ, негізгі жұмысынан босатылмаған ұйымның төрағасын жұмыс беруші жоғарғы тұрған кәсіподақ органының уәжді пікірінсіз жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан босатылмайды және тәртіптік жазаға тартылмайды. Ал ұжымдық шартта ішкі ерекшеліктерге қосымша кепілдіктер берілуі мүмкін. Осы бағытта жұмыс жүргізу бірлескен кәсіподақ ұйымының беделін көтеру мақсатында, өкілдікте біршама жұмыстар жүргізілді. Ауданда өкілдік 2011 жылдың 22 қыркүйегінде құрылды. Осы уақыт аралығында 100-дің үстінде кәсіподақ белсенділері мен озат еңбеккерлерге ұйым жұмысына қолдау көрсетіп отырған жұмыс берушілерге республика,облыс тарапынан марапаттар мен бағалы сыйлықтар берілді. Атап айтқанда, «Еңбек даңқы» белгісінің үш дәрежесі зейнетке шыққандарға, республиканың ауыл шаруашылығы ардагерлері кеңесінің «Құрметті ардагер», «Кәсіподақ ардагері» төсбелгілері, сондай-ақ Мақтау грамоталары мен Алғыс хаттармен марапатталды. Осыншама кәсіподақ мүшелері немесе қажет санаған жанұя мүшелері тегін жолдамамен «Жаңақорған», «Сарыағаш», «Щучинск» және Жезқазғандағы «НеоМед» емдеу-сауықтыру шипажайларында болып қайтты. 2017 жылы 12 кәсіподақ мүшесі, кәсіподақ есебінен Астанада өткен « ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде болды. Жезді кентін дегі «Жезбұлақ» МКК 2015 жылы «Еңбек қауіпсіздігін сақтау» республикалық конкурсына қатысып, жеңімпаз атанды. Арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында басты құжат Еңбек шарты болса, үш адамнан асқан ұжымда «ұжымдық шарт» қабылдау міндетті. Осы талапты орындау үшін жұмыс берушінің ынтасы қажет. Ауданда біршама мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда, шаруа қожалықтарында заман талабын жақсы түсінген, еліміздің болашағын алғашқы міндеті санайтын басшылардың арқасында, ұжымдағы еңбек адамына деген көзқарас біршама жақсара түсті. Ауданның ветеринария стансасы «Жезбұлақ» МКК , «Бекетай-Баба», «Бәйтен», «Тезекбай», «Қаражорға М» шаруа қожалықтары, мәдениет үйі, орталық кітапхана, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Шеңбер, Алғабас, Жезді, Қаракеңгір әкімі аппараттары кәсіподақ қозғалысының дамуына өз үлестерін қосуда. Жалпы кәсіподақ талаптары мемлекетіміздің дамуында мемлекеттік қызметкерлердің міндеттерімен көп жағдайда сәйкес болғандықтан бұл жұмысты жандандыруға бірігіп атсалыспақ, ауылшаруашылығында еңбек мәртебесін үстем етуге жете мән беруіміз керек. Болашақта бұл жұмыс осылай болатынын әрбір кәсіподақ мүшесі мен еңбеккерлерді сендіргім келеді. Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылғы шілде айындағы «Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында, мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілерге арнайы тапсырма бергені, бүгінгі күнге күшін жоймағанын есте сақтауымыз керек.

Шаяхмет ҮМБЕТОВ,

өкілдік төрағасы