Еңбек адамы — қоғамның алтын діңгегі
Еңбек адамы — елдің ертеңін жасаушы, қоғамның шынайы қаһарманы. Ол ешбір даңқ пен марапатты күтпей, өзінің күнделікті ісімен үлкен істерді тындырып жүрген жан.
Ауылда таңмен тұрып егін салатын диқан, зауытта станок басында жұмыс істейтін жұмысшы, құрылыс алаңында үй тұрғызатын құрылысшы, мектепте бала оқытатын ұстаз – бұлардың барлығы да еңбек адамына жатады. Олар – мемлекеттің іргетасын қалап, тіршіліктің тынысын тіреп отырған жандар.
Еңбектің маңызын түсіну – рухани кемелденудің бір жолы. Еңбек адамын қадірлеу – қоғамның өркениеттілігінің белгісі. Қазақ халқы ертеден-ақ еңбек еткен жанды ерекше бағалаған. «Еңбек етсең емерсің», «Бейнет түбі – зейнет», «Адал еңбек – абырой» деген мақал-мәтелдер осының дәлелі.
Бүгінгі таңда еліміздің барлық жетістіктері – ең алдымен, қарапайым еңбек адамдарымен тығыз байланысты. Олардың тынбай тер төгуінің арқасында жол салынып, үй бой көтеріп, өндіріс дамып, ғылым мен білім алға басып келеді. Сондықтан еңбек адамының орны – әрқашан биік. Олардың өмірі – жас ұрпаққа үлгі, қайсарлық пен табандылықтың символы.
Серік ТАШЕНОВ,
Ұлытау ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы.