Еңбек адамы – ел тірегі, қоғамның қозғаушы күші
Қоғамның іргетасын қалап, өркендеуіне тікелей ықпал ететін басты тұлға – еңбек адамы. Ол – таңның атысынан күннің батысына дейін маңдай терін төгіп, өз ісіне адал, туған жерінің дамуы үшін тынбай еңбек ететін қарапайым жан. Мұндай адамдар көзге көп түсе бермейді, олар атақ пен даңққа ұмтылмайды. Алайда олардың еңбегі – мемлекеттің дамуына, халықтың әл-ауқатына, ұрпақ тәрбиесіне қосқан зор үлес.
Еңбек адамы – тек қолымен ғана емес, жүрегімен жұмыс істейтін адам. Ол – ұстаз, дәрігер, диқан, құрылысшы, зауыт жұмысшысы, малшы, жүргізуші немесе еден жуушы болуы мүмкін. Қандай маман иесі болса да, олардың барлығы ортақ бір қасиетпен сипатталады – адал еңбекке деген махаббатпен. Қоғамның барлық саласының қозғаушы күші де – осы қарапайым еңбеккерлер.
Тарих беттерін парақтасақ, елімізді көтерген, қиын-қыстау замандарда да елін тастамай, маңдай терімен тіршілік еткен жандар әрқашан биік тұғырға көтерілген. Олар туралы жырлар жазылып, ескерткіштер орнатылған. Мысалы, соғыс жылдарында майданда қан төккен жауынгермен қатар, тылда еңбек еткен қарапайым жұмысшының да еңбегі тең бағаланған. Бұл – қоғамның еңбек адамына деген құрметінің көрінісі.
Бүгінгі күні де Қазақстанның дамуына ең бірінші кезекте еңбек адамы үлес қосып отыр. Елбасы мен Президентіміздің саясаты да – ең алдымен еңбек адамына жағдай жасауға, оның әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған. «Еңбек – бәрін жеңбек» деген қағида халықтың санасына терең сіңген. Қазіргі жастар үшін еңбек адамы – үлгі болуға тиіс. Себебі табыстың, тұрақтылықтың және болашақтың негізі – адал еңбек ету мен сабырлықта.
Бүгінгі заманда техниканың, цифрлық технологиялардың дамуына қарамастан, адамның қолымен атқарылатын жұмыстардың мәні жойылған жоқ. Тіпті, жаңа заман мамандықтарының өзі де білім мен қажырлы еңбекті талап етеді. Сондықтан еңбек адамының рөлі тек арта түспесе, ешқашан кемімейді.
Еңбек адамын қолдау – бұл жай ғана жалақы төлеу немесе марапаттау ғана емес, ол – олардың қоғамдағы рөлін терең түсініп, жас ұрпақтың бойына еңбекке құрмет сезімін сіңіру. Мектеп қабырғасынан бастап балаларға адал еңбектің қадірін ұғындыру – болашаққа жасалған инвестиция.
Ғазиз УСКЕНБАЕВ,
зейнеткер.