Еңбек адамы: Адал еңбектің маңызы мен құндылығы
Еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, таза, адал жұмыс істейтін, өз еңбегін маңдай терімен табатын кісі. Ол өз ісіне жанашырлықпен қарайды және оны бар ынта-жігерімен орындайды.
Бүгінгі күні арзан атақ, жеңіл ақшаның насихаты қатты жүріп, елді елітетін сондай жарнамалар көбейіп, алаяқтардың құрығына түсіп жатқандар да, ауадан ақша жасап жатқандар да баршылық. Осындайда мемлекетті шын көтеретін, елдің өркендеуіне, қоғамның дамуына үлес қосатын жел ақша емес, жеңіл жұмыс емес, еңбек және «еңбек – бәрін де жеңбек» екенін түсіндіру, халыққа насихаттау, санасына сіңіру маңызды болып тұрғаны рас. Әсіресе әлеуметтік желіде «хайп» жасап танымал боламын деп, уақытын сарп етіп жатқан бозбалалар мен бойжеткендер мен ойынқұмарлықтың соңына түсіп, тағдырын тәлкі етіп жатқан қаншама жасы да жасамысы да көп екені жасырын емес.
Осы мәселелердің барлығын ескере отырып, «Еңбек адамы» бейнесін насихаттау жай сөз емес, өзекті мәселе, маңызды сұрақ екенін түсінесің.
Еңбек адамы тек ауыл шаруашылығында, мал шаруашылығында жұмыс істейтін адамдармен шектелмейді. Бұл ұғым кез келген салада шын жүрекпен, адал еңбегімен жұмыс істейтін адамдарға қатысты қолданылуы керек. Жазушы, актер, өнер адамы немесе басқа да кәсіп иелері болсын, егер олар өз ісін шынайы сүйіспеншілікпен және еңбекқорлықпен атқарса, оларды да еңбек адамы деп атауға болады.
Алтынай ШЫНЫБЕКОВА,
Ұлытау ауданының тұрғыны.