Еңбегімен еленген
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Əділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кəсіби маманның қадірін білу керектігін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтқан. Бүгінде қоғамның маңызды бөлшегіне айналған еңбек адамдары адал еңбегімен нəпақасын тауып жүр. Солардың бірі – ұлытаулық электр жөндеуші Алмат ИСМАЙЫЛОВ.
Ол 1976 жылы Ұлытау өңірінде дүниеге келген. 1993 жылы аудан орталығындағы №1 мектепті тəмамдаған соң, Қарсақбай кентіндегі кəсіптік-техникалық училищеге оқуға түседі.1995 жылы аталған оқу орнын ойдағыдай аяқтап, электр монтері мамандығы бойынша диплом алады. Содан бері ауданның коммуналдық шаруашылығы, тұрғын үй инспекциясы бөлімінде электр жөндеуші болып еңбек етеді. Еңбегі де еленіп, бірнеше Мақтау қағаздарымен марапатталды. Биылғы жылы «Үздік коммуналдық сала қызметкері» номинациясына ие болды.
– Қай жұмыстың болмасын жеңілі жоқ. Электрик болу да оңай емес. Бағанаға шығуға да батылдық керек. Менің мамандығым зор жауапкершілікті талап етеді. Басты ұстанымым – қауіпсіздік. Оны ескермей болмайды, – дейді Алмат.
Шынында да оның жұмысы өте сақтықты, қауіпсіздікті қажет ететін кəсіп. Солай десек те, электр желілерінен апатты жағдай орын алғанда, шұғыл əрекет жасауға тура келеді. Ол кезде Алмат ақтүтек боранға да, сақылдаған сары аязға да тіпті жауын-шашынға да қарамай, электр желілерін қайта қалпына келтіріп жатады. Бұл оның өз саласының қыр-сырын білгендігі. Өйткені, ол кəсібін толық меңгерген адам. Ондағы тынымсыз тірлікке əбден төселген жан.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.