Еңбегі ерен, тағылымы терең
Белгілі бір ауыл-аймақта, сол өңірдің халқы сыйлайтын қадірлі тұлғалары болады. Ауыл халқы оларды «Өз ауылымыздың құрметтісі» деп əспеттеп жатады. Əлгі аумақ туралы сөз қозғағанда, сол ауылдың сыйлы адамдары көз алдыңа бірден келеді. «Еңбегімен – елге сыйлы» деген сөз содан туса керек. Бүгінгі кейіпкеріміз терісаққандық ардагер – ұстаз Əубəкір Əбдірахманов та сондай елдің құрметтісі атанған аға буын қатарынан. Қазір зейнет жасында болғанымен,білім беру саласына өзіндік ізін қалдырған сұңғыла жанның бірі.
Əубəкір Ақышұлының ғұмыры кешегі Кеңес дəуірімен жəне қазіргі Тəуелсіз елдің шуақты күндерімен астасып жатыр. Ол 1948 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. 1955 -1966 жылдары Ұлытау ауданына қарасты №2 Қорғасын орта мектебінде білім алады. Жасынан алғыр, табиғатынан байсалды Əбекең мектеп бітірісімен өзі оқыған білім ошағында бухгалтер болады. 1969 жылы Алматы қаласына келіп, С.М Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі. 1974 жылы аталмыш оқу орнын «география» мамандығы бойынша ойдағыдай бітіріп, университет жолдамасымен Шеңбер ауылына қайта оралады. Жас маман сол жылы №2 Қорғасын орта мектебіне мұғалім болып орналасады. Содан 1980 жылға дейін география пəнінен сабақ береді. Өз мамандығына деген тиянақтылығы мен біліктілігі аңғарылып, сексенінші жылдың аяғында №14 Алғабас орта мектебіне директорлық қызметке жіберіледі. Бірер жылда іскер маман ретінде танылып, аудандық білім бөліміндегі инспектор қызметіне жоғарылатылады.
Уақыт өте келе, Терісаққан ауылындағы жаңа ашылған мектепке директор етіп тағайындайды. Бұл – 1981 жыл еді. Осы мектепте Əбекең өзінің іскерлігімен көзге түсіп, жемісті еңбек етеді. Тағы бір саналы ғұмырында ерекше орын алған кезең Терісаққан ауылдық кеңесінің хатшысы, кейіннен сол ауылдық округі əкімінің орынбасары болған шақ. Одан соң, жоғарғыда аталған білім ордасына мектеп директоры болып қайта тағайындалады. Осы білім ошағында зейнеткерлікк шыққанға дейін жас жеткіншектерге білім береді. Мұғалім ретінде тəрбие беру ісіне өзіндік үлес қосады.
Кез келген адамның өмірлік,ұстанымы, көзқарасы мен мақсат-мұраты болады емес пе?! Сол сияқты, Əубəкір мұғалімнің де мақсаты- заманға сай бəсекеге қабілетті білімді тұлға дайындау болды. Бүгін қарап отырсақ, ол кісінің шəкірттері Тəуелсіз Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүр. Оларда егемен еліміздің гүлденуіне, дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғалар санатында. Мен де №2 Қорғасын орта мектебінде Əубəкір мұғалімнен білім алған шəкірттерінің бірімін.Осы мұғалімнің аузынан шыққан сөз біз үшін бұлжымас заң болатын.Айтқанын мұқият орындауға тырысатынбыз. Сабақ үстінде тыныштық орнайтын, оқушылардың бар ынта-ықыласы мұғалімнің сабақ түсіндіруіне ауатын. Менімен қатарластарға география пəнінен ғана емес, еңбек пəнінен де сабақ жүргізді. Əрбір сабағы бір-біріне ұқсамайтын, қызықты етіп өткізуге барын салатын. Сол кезде ол кісінің жүріс-тұрысы, киім-киісі көпшілікке үлгі болды. Біздің барлығымыз сол кісіге ұқсағымыз келіп тұратын.
Негізі, Əбекең он саусағынан өнер тамған бесаспап мұғалім тұғын. Еңбек сабағына да үлкен мəн беріп, өз деңгейінде өтуін қатты қадағалайтын. Біз əрқашан ол кісінің сабағына дайындалып, қашан болады деп күтіп жүретінбіз. Бірақ, ол кезде мектептің материалдық – техникалық базасы қазіргідей жабдықталмаған. Оқушыларға арналған еңбек құралдары жоқтың- қасы. Еңбек сабағын талапқа сай өткізуге қолбайлау болып тұрған кез. Осы тығырықтан ол кісі шығудың жолын ойласа керек. Бір күні кеңшар директорымен келісіп, ауылдағы құрылыс цехынан еңбек құралдарын алып келді. Мұны білетінім, ол кезде бұл кісімен көрші тұрдым. Бала болсам да, осындай əрекеттері есімде қалыпты. Сонымен қоса, кеңшардың тұрмыс қажетін өтеу комбинатына тапсырыс беріп, оқушыларға еңбек сабағына киетін форма тіктірткені əлі есімде. Осының барлығын ой елегінен өткізсем,бұл мұғалімнің өз мамандығына деген шынайы қасиеті дер едім. Бүгінгі күні мектептердің материалдық- техникалық базасы көңіл қуантарлықтай. Жаңа технологиялармен толық жабдықталған.Десек те, сол мүмкіндікті сабақ барысында оң сипатта пайдалана алмай жүрген педагогтар бар. Оны көріп те, біліп те жүрміз. Ал, Əубəкір мұғалімнің жоқтан бар жасауынағыз еңбек.
Сондай еңбекқор жан география сабағына да жаңа өзгерістер енгізіп, əріптестеріне үлгі болды. Сабақ барысында карталарды жəне қосымша ақпарат көздерін пайдаландырып,жоспар бойынша физикалық – географиялық сипаттама жүргіздіретін. Кейбір күндерде əсіресе, күз айларында топырақтық жəне биогеографиялық өлшемдер бойынша табиғат аясында зертханалық жұмыстар жасататын. Өлкенің табиғи – ресурстық əлеуетіне де айрықша назар аударатын кісі болды. Тіпті, сабаққа қолданатын көрнекті құралдарды да өз қолымен жасайтын. География кабинетін əсем безендіруге ерекше көңіл бөлетін.Соның нəтижесінде бұл кабинет мектебіміздегі ең көрнекті аудиторияның бірі болды. Сондай кабинетте сабақ оқығанның өзі біз үшін бір ғанибет еді.
Кейін Терісаққан мектебінде де мұғалім болғанда да, оның педагогикалық ұжымын шəкірттер тəрбиелеу ісіне жұмылдыра жүріп, ауылдағы қоғамдық жұмыстарға да белсене араластырды. Жас жеткіншектерге білім беруде, олардың жанына ізгілік нұрын құя отырып, бүгінгі ұрпақтың ертеңгі күнгі үлкен азаматтар екендігін бір сəт естен шығарған емес. Оқушыларға білім беруде өзінің біліктілігі мен іскерлігін қатар жұмсап, мектеп директоры болған шақта да бірде қатал,бірде жұмсақ мінез танытып, өз қабілетін озық оймен көрсете білді. Қалай дегенмен де Əбекең өз заманының ұлағатты ұстазы, іскер басшысы бола білген адам. Бүгінгі күні елдің құрметтісі атануы да содан.
Өмірінің біраз жылын ұстаздық жолға арнаған Əубəкір Ақышұлының құдай қосқан қосағы Амантай Құрманова да білім беру саласында 40 жыл еңбек еткен тарих пəнінің мұғалімі.Семей өңірінің тумасы. Бүгінгі күні бұл кісілер ұлын ұяға,қызын қияға қондырып отырған өнегелі жанұя. Үлкен əулеттегі сүйікті немерелерінің ата-əжесі. Терісаққан ауылындағы ардагер ұстаздардың бірі. Екеуінің де білім беру саласына сіңірген еңбектері зор.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.