Еңбегі еленді

Ұлытау – ата кәсіптің тамыры терең кеткен, мал өсірудің қыр-сырын меңгерген жандар көп шоғырланған қасиетті аймақ. Осы өңірде туған жеріне қызмет етуді, ауылдың өркендеуіне үлес қосуды азаматтық борыш санайтын еңбексүйгіш шаруалардың бірі – Жарқымбек Қожамсейтов, «Бек-Би» шаруа қожалығының жетекшісі. Ол жақында өткен аграрлар форумында ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталып, ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан еңбегі ел алдында еленді.

Жарқымбек Қожамсейтов мал шаруашылығын оңай кәсіп деп санамайды. Керісінше, ол үшін бұл – күн-түн демей еңбекті талап ететін, ерекше жауапкершілік жүктейтін сала. «Әр істің өз ауыртпалығы бар, бірақ мал баққан адамның төзімі де, ерлігі де бөлек» – дейді ол.
Шаруа қожалығын құрғанына біраз жыл болғанымен, әр қадамы – ізденіс, әр жетістігі – үлкен еңбектің жемісі. 2018 жылы Ресейден 30 бас асыл тұқымды аналық сиыр мен 3 бас бұқа әкелуі – шаруашылық тарихындағы ең үлкен тәуекелдің бірі еді. Жағдайы бөлек, ауа райына үйренбеген малды жерсіндіру – нағыз сын.
Сырттан келген мал алғашында климатқа бейімделе алмай, күтім жағынан да айтарлықтай қиындық тудырды. Қысы қатты, жазы ыстық аймақта малдың төзімді болуын қамтамасыз ету оңай болмай шықты. Бірақ Жарқымбек бастаған отбасы мүшелері қажымай еңбек етіп, малды баптап, арнайы күтім жасап, әр қиындықты бірге еңсерді.
– Ұлдарым бар, інім бар – бәріміз бірігіп жұмыс істедік. Бірлік болған жерде алынбайтын асу жоқ екеніне көзіміз жетті, – дейді шаруа.
Уақыт өте келе мал толық жерсініп, төлдей бастады. Бүгінде қожалықтағы мал басы жыл сайын өсіп, асыл тұқымды ірі қара саны артып келеді. Бұл – табандылық пен төзімділіктің нәтижесі.
Шаруашылықтың негізгі мақсаты – малдың генетикалық сапасын жақсарту, тұқымды асылдандыру. Жарқымбектің пайымынша, малдың асылдығы өнім көлеміне ғана емес, оның сапасына да тікелей әсер етеді.
– Біз еттің табиғи, сапалы болуын басты талап деп санаймыз. Халыққа адал өнім беру – біздің борышымыз, – дейді ол.
Сондықтан да қожалықта асылдандыру жұмыстары тұрақты жүргізіліп, жаңа технологиялар енгізу жоспарланып отыр. Бұл – болашаққа бағытталған берік қадам.
Бүгінде мал шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан үлкен қолдау бар. Жеңілдетілген несиелер, субсидиялар, инфрақұрылымдық жобалар – мұның бәрі ауылдағы кәсіпкерлердің өрістеуіне мүмкіндік беріп отыр.
Жарқымбек Қожамсейтов осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, қожалық ісін ілгерілетуде. «Мемлекет қолдауы – үлкен демеу. Енді соны тиімді қолдану – әрбір фермердің міндеті», – дейді қожалық иесі.
Жарқымбек үшін еңбектің түпкі мақсаты – жеке пайда емес. Ол үшін ең маңыздысы – елдің азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосу, өңірді сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз ету, ауылдың дамуына атсалысу. «Біздің еңбегіміз елге қажет болса – одан үлкен мәртебе жоқ», – дейді ол.
Аграрлар форумында Жарқымбек Қожамсейтовтың еңбегі лайықты бағаланып, оған ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені табысталды. Бұл – бір адамның ғана емес, ауылдағы тұтас еңбектің, адалдық пен төзімділіктің, күнделікті маңдай тердің лайықты бағасы.
Жарқымбектің өмір жолы – ауылда жүріп-ақ зор жетістікке жетуге болатынын дәлелдейтін көркем мысал. Ол ата кәсіпті жалғап қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтеріп, елдік іске айналдырып отыр. Еңбек еткеннің аты озатынын дәлелдеген, малмен күнін көріп қана қоймай, елге қызмет етуді мақсат еткен мұндай азаматтар – Ұлытаудың нағыз байлығы. Жарқымбек Қожамсейтов – еңбектің қадірін білетін, тұғырлы табысқа маңдай терімен жеткен қарапайым қазақ шаруасының жарқын бейнесі.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.